"1500 жанұяға азық-түлік себетін үлестіреміз". “Halyk” қайырымдылық қоры биыл қандай отбасыларға қолдау көрсететінін айтты
“Halyk” қайырымдылық қоры Алматы облысындағы 500 отбасыға азық-түлік себетін таратты. Жақын күндері тағы мыңға жуық жанұяға жақсылық жасауды жоспарлап отыр. Осылайша қоғамда көмекке зәру жандарға қолдау көрсетуді мақсат еткен Қор жыл аяғына дейін көмек бірнеше мәрте ұйымдастырылатынын айтуда. Қордың игі ісіне Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі куә болып қайтты.
2016 жылы жұмысын бастаған қор еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жандар мен көпбалалы аналарға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Қордың басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов: "Биылдың өзінде ел аумағындағы 1500 отбасыға азық-түлік себетін үлестіреміз", – дейді.
“Halyk” қайырымдылық қорының жұмысына 6 жылға жуық уақыт болды. Біз өз бағдарламаларымыздың шеңберінде қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жиі азық-түлік себеттерімен қолдау көрсетеміз. Негізінен көмек алушылардың тізімін жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып жасап, кімнің көмекке мұқтаж екенін білеміз. Қор 2020-2021 жылдың өзінде 2,5 миллиард теңгеден астам қаржыға 100 мыңнан астам азық-түлік жиынтығын таратты”, – дейді Нариман Әбілшайықов.
Әрине бұл қайырымдылық жобалар аясында жүзеге асырылып жүрген игі істердің бір бөлігі ғана. Одан бөлек Қор инфрақұрылымдық бағытта бірқатар іске мұрындық болып келеді. Тіпті алдағы уақытта кәсіпкерлікке бағыт-бағдар көрсетуді де жоспарлап отыр. Алматы облысы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов азық-түлік жиынтығын үлестіру мамыр мерекесімен ұштастырылғанына тоқталды.
"Бұл жерде өздеріңіз де көрдіңіздер, аз қамтылған отбасылар, сонымен бірге ерекше күтімдегі балалары бар отбасылар, көпбалалы отбасыларға осындай көмек көрсетілуде. Жыл соңына дейін тағы 3 мәрте осындай қолдау ұйымдастырмақпыз. Әкімдіктер бізге азаматтар тізімін береді, сол тізімге сәйкес біз отбасыларға осы азық-түлік себеттерін таратып жатырмыз. Азық-түлік себетінің салмағы 47 келі. Оның ішіне күріш, ұн, қант, шай, макорон, май өнімдері кіреді", – дейді қордың Алматы облысы филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Аталмыш игі істің аясында азық-түлік себетінің 500-і Алматы облысындағы тұрғындарға беріледі. Алғашқы көмек Талғар ауданынан басталды. Қор ұжымы ауданды аралап, тізімдегі отбасыларға барып азық-түлік себеттерін табыстады. Соның бірі Гүлжан Ахметжан.
Ол 4 баланың анасы. 2018 жылы Қазақстанға Қытайдан көшіп келген. Алғаш пәтер жалдап күн көрген отбасы бүгінде Талғар қаласында үй тұрғызбақ. Десе де тұрақты жұмыстың жоқтығынан кейде жолдасы қиналып қалатынын жасырмады. 2 баласы мектепте оқиды. Өзі 8 айлық сәбимен үйде, бала күтімінде.
"Қытайда 2 баламыз мектепте болды. Ол балаларға қытайша сөйлеу міндеттелді. Содан “біз қазақпыз ғой, неліктен атамекенімізге бармаймыз” деген шешімге келдік. Осылайша 2016 жылдан бастап іске кірістік. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты кедергілерге тап болдық. Кейін, 2017 жылы, қайта шекара ашылғанда көшуге тырыстық. 7-8 айда құжаттарымызды дұрыстап жоспарды іске асырдық. Балаларымның үлкені 8-сынып оқиды. Кенжесі 8 айға толып отыр. Халық қорына рахмет. Көмектесіп жатқандарыңызға. Істеріңізге сәттілік, бастарыңызға амандық тілеймін", – деп қатты қуанды көпбалалы ана.
Мемлекеттік жәрдемақыға күн көріп отырмын деген Пинара Болатқызы да қор көмегіне дән риза. 3 баланың анасы осындай қолдау барына алғысын айтып, ағынан жарылды. Жалғыз басты әйелдің балаларының алды 3 сыныпта оқыса, кішкентайы 1 жастан енді асқан.
"Сіздерге көп-көп рахмет. Алғысым шексіз. Елеп-ескеріп, осындай азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқандарыңызға. 3 балам бар, жолдасым тастап кеткен. Осы әкімдік қызметкерлерінің арқасында АСП алып жүрмін. Тіркеуге отырғызып берді. Сол мемлекет төлейтін жәрдемақымен күн көріп отырмын", – дейді Пинара Болатқызы.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
