15 жыл бұрын ұрланып, сатылып кеткен бала отбасына оралды
Қытайдың Гуандун провинциясында 15 жыл бұрын жоғалған жасөсіпірім ата-анасына қайтарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шэнь Цунды 2005 жылы 11 айлық сәби кезінде ұрлап кетіпті. Баланы ұрлағандар оның отбасының пәтеріне баса-көктеп кіріп, анасының аяқ-қолын байлап, нәрестені алып кеткен. Осы жағдайдан кейін баланың әке-шешесі жұмыстарынан шығып, ұлдарын бірнеше жыл бойы іздепті.
2016 жылы полицейлер Чжан есімді ер азаматты ұқсас оқиғаға қатысы бар деген күдікпен қолға түсірген. Чжан және басқа адамдардан құралған қылмыстық топ бала ұрлап, оларды сатумен айналасқан. Ол балалардың қатарында Шэнь Цун де болған сыңайлы. Чжан нәрестені делдал арқылы 13 мың юаньға (шамамен 740 мың теңге) сатып жібергенін есіне түсіріпті.
2020 жылы қаңтарда Шэнь Цунды тәртіп сақшылары Гуандун провинциясының Мэйчжоу қаласынан тауыпты. Баланы сатып алған оның өгей әкесі алты жыл бұрын қайтыс болыпты. Полицейлердің атап өтулерінше, баланың бағып алған отбасы оған дұрыс тәрбие беріп, бозбаланың жақсы білім алып шығуына да көңіл бөлген.
Қазіргі таңда бала саудасында делдал болған әйелді табу қолға алыныпты. Полиция әйел туралы хабарлаған азаматқа қомақты сыйақы берілетіндігін мәлімдепті.