15 миллион теңгенің көлігі: Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жұбайына жол талғамайтын көлік сыйлады
Фото: Спортшының парақшасынан скриншот
Дзюдодан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметов әйеліне көлік сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол туған күнге арналған отырыста жұбайына тосын сый жасап, бұл сәтті өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Кадрдан оның әйелінің көзін байлап, от шашулардың арасымен сыртқа алып шыққанын көруге болады.
“Бәріміз далаға шықсақ. Бір зат дайындап қойған едік. Соны барлығымыз барып көрсек”, – деді чемпион.

Фото: Спортшының парақшасынан скриншот
Елдос Сметов әйеліне сыйлаған машинасы Hyundai Mufasa маркалы жол талғамайтын көлік . Бұл автомобильдің Қазақстандағы бағасы комплектациясына қарай 12,2 миллионнан 15,3 миллион теңгеге дейін жетеді.
Айта кетейік, Елдос Сметов 2024 жылы Париж Олимпиадасында 60 келі салмақта топ жарып, чемпион атанған еді. Ол ақтық сында жергілікті дзюдошы Лука Мхеидзені тізе бүктіріп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Осы Олимпиададан кейін даңқты балуан иығына ота жасатты. Елдос Сметов әзірге татамиге оралған жоқ. Оның қоржынында Олимпиада ойындарының барлық жүлде жиынтығы бар. Сметов 2016 жылы Риода күміс, ал Токиода қола жүлде жеңіп алған. Ол – ел тарихында Олимпиада ойындарының толық медаль жиынтығын еншілеген санаулы спортшылардың бірі.

