14 жастағы қызды зорлап, өлтірген қылмыскер "малғұн" деген сөзге намыстанып, моральдық өтемақы талап еткен
2013 жылы Ақтөбеде 14 жастағы оқушы қызды зорлап өлтірген Сергей Наумцев сыбайласы екеуін “малғұндар” (нелюди) деп жазған газетті сотқа берді. Сөзінше, бұл – оның адамдығына қарсы келетін ауыр әрі қорлайтын сөз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ratel.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: “Диапазон”
14 жастағы Гүлдира Сәкенова тәртібі жақсы, үздік оқушы еді. Ол отбасымен Ақтөбеге Ақтаудан көшіп келген. Қыздың әкесі әскери адам болған. 2013 жылы 8 қазанда кешке Гүлдира құрбысының үйіне түнеуге сұранған. Әкесі қарсы болса да, қыз анасын көндіріпті.
Гүлдира Виктория Савич есімді қызбен кездесуге барған. Викторияның Сергей Наумцев деген жігіті болған. Жұптың арасында түсініспеушілік туындаған және Наумцев қарым-қатынасты реттеу үшін жыныстық қатынасқа үшінші адам болып түсетін “пәк қызды тауып беруді" өтінді.
Букмекерлік кеңседе жұмыс істеген 20 жастағы Савич өзін әлеуметтік желіде 16 жастағы Влада деп таныстырып, Гүлдирамен танысқан. Екеуінің желідегі достығы созылып, ол Гүлдираны үйіне түнеуге шақырады. Гүлдира жұптың арам пиғылынан бейхабар болған. Үйге келген кезде Сергейді қыз “ағам” деп таныстырыпты.
Келесі күні Гүлдира мектепке келмегенде, ата-анасы дабыл қағады. Қызды іздейтіндерін білген қылмыскерлер оның телефонынан ағасына “ұйықтап қалып, сабаққа бара алмай қалдым. Үйге кеш келетінімді айт" деп жазып жіберген. Бірақ хатта қате көп болғандықтан, ата-анасында күдік ұялаған, себебі ол қатесіз жазатын.
Наумцев тергеуде де, сотта да өз кінәсін мойындамады. Ол алқабилерден оны ақтауды сұрады. Бірақ оның сыбайласы Виктория Савич бәрін мойындап, айтып берді. Ол сотта Гүлдираның жақындарынан кешірім сұрады.
Савич жігіті Наумцев бірге тұрғанда, оны ұрып-соғып, зорлап жүргенін айтты. Айтуынша, туған күнінде жыныстық қатынасқа үшінші адам болып түсетін қызды сұраған. Савич желіде қыздарға осы нәрсеге ақша ұсынған, бірақ бәрі бас тартқан. Содан Гүлдираны тауып, оның сеніміне кіріп, алдап әкелген.
Үйге келген кезде Наумцев мектеп оқушысын зорлаған. Кейін бәрін айтып береді деп қорқып, оны орамалмен тұншықтырып өлтірген. Сот отырысында Савич оқушы қыздың қалай өлгенін айтқан кезде алқабилердің бірі ауырып қалды. Ол әрі қарай процеске қатыса алмай, орнына басқа адам келді.
Үкімде Наумцев Гүлдираны зорлап, кейін сыбайласы Савичпен бірге оны буындырып өлтіргені көрсетілген. Савич пен Наумцев қыздың денесін үлкен сөмкеге салып, қоқыс жәшігіне апарады. Бірақ қоқыс жәшігіне лақтыра алмай, үйлердің бірінің ауласына лақтырып кеткен. Көшеде өтіп бара жатқан адам сөмкені ашып, қорқыныштан айғайлапты.Наумцев пен Савич ұсталған соң қаланың әр жерінен полиция қызметкерлері Гүлдираның портфелі, киімдері мен ұялы телефонын тапты.
Психиатриялық сараптама Савич пен Наумцевтің есі дұрыс, ешқандай аффект болмаған.
2014 жылдың 6 ақпанында 12 алқабиден құралған алқа бірауыздан Савич пен Наумцевті кінәлі деп тапты. 22 жастағы Наумцев өмір бойына бас бостандығынан айырылды, ал 21 жастағы Савич 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Наумцев үкім оқылған кезде қол шапалақтады. Кейін облыстық сот Савичтің жазасын 2 жылға қысқартты.
Гүлдираның туыстары Савич пен Наумцевтен моральдық шығынды талап етпеген.
Жақында Наумцев ақтөбелік "Эврика" газетін сотқа беруге шешім қабылдады. Басылым 2014 жылғы сот туралы жазған. Наумцев мақаланың ішінде "малғұндар" (нелюди) деген сөзге намыстанып қалса керек.
Ол түрмеде отырып, сотқа арыз беріп, ар-намысы мен абыройына нұқсан келгенін айтты. Сол үшін 135 мың теңге моральдық шығынды өтеуді талап етті. Наумцев сотта басылым оны "малғұн" деп атағанын, ол өзін малғұн санамайтынын және бұл оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін жазған. Сонымен қатар жалған ақпарат таратудың салдарынан депрессияға ұшырап, психикасына зақым келгенін жазған.
Сотқа сот-психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды. Бірнеше ай лингвистер мен психологтар мақаланы зерттеді.
Нәтижесінде сарапшылар "нелюдь" деп жаман адамдарға айтылатынын және әрекетіне байланысты кей адамдар санатына осындай баға беріледі деген қорытындыға келді. Бұл сөз оның әрекетіне байланысты айтылғандықтан, оны Наумцевтің ар-намысына, абыройына және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат ретінде жіктеуге болмайды деді.
Сот Наумцевтің арызын қанағаттандырмады. Бірақ қазір ол апелляциялық шағым түсіріп, облыстық сотта өз шындығын дәлелдемек.
Өткен жылы Наумцев Конституциялық сотқа шағымданып, сот шешімін "БАҚ туралы" заңның 14-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес емес деп тануды талап еткен. Яғни фотосы оның келісімінсіз жарияланды дедйі. Бірақ Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адам құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында адамның рұқсатынсыз-ақ кей адамдарды жариялауға болады.