Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

14 жастан рұқсат: Украина кәмелетке толмағандардың үйленуіне жаңа ережелер әзірлеп жатыр

Кәмелетке толмағандардың некелесі ережелеріФото: Freepik.com

Украинада кәмелетке толмағандардың некеге тұруына негіз болатын жағдайларды кеңейту жоспарланып отыр. Тиісті нормалар жақын арада Украина Жоғарғы радасының қарауына ұсынылуы мүмкін жаңа Азаматтық кодекс жобасында көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “РБК-Украинаға” сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаға сәйкес, некеге тұрудың жалпы жасы әйелдер мен ерлер үшін бұрынғыдай 18 жас болып қала береді. Алайда некені ертерек тіркеуге мүмкіндік беретін бірқатар ерекшеліктер қарастырылған.

Атап айтқанда, жобаға енгізілген 1478-бапта мыналар көрсетілген:

  • сот шешімімен 16 жастан бастап некеге тұру құқығы берілуі мүмкін, егер бұл кәмелетке толмаған адамның мүддесіне сай деп танылса;

  • әйелдің жүкті болуы немесе баланың дүниеге келуі жағдайында сот 14 жастан бастап некеге тұруға рұқсат бере алады.

Бұл ретте міндетті шарт ретінде сот шешімі сақталады, яғни ерте некеге автоматты түрде рұқсат беру қарастырылмаған.

Қазіргі жағдай

Қолданыстағы Украина Отбасы кодексінің 23-бабына сәйкес:

  • неке 18 жастан бастап қиылады;

  • сот шешімімен 16 жастан бастап некеге тұруға болады, егер бұл кәмелетке толмаған адамның мүддесіне сай екені дәлелденсе.

Ал 14 жастан бастап некеге тұруға рұқсат беру қолданыстағы заңнамада көзделмеген.

Айта кетейік, жаңа Азаматтық кодекс жобасы әзірге қабылданған жоқ. Құжат 2026 жылғы 22 қаңтарда Украина Жоғарғы радасында тіркелген. Неке қию ережелеріне қатысты түпкілікті шешімді депутаттар парламентте құжатты талқылау барысында қабылдайды.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңа Конституцияда мәжбүрлі некеден қорғауды бекіту ұсынылғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 23:55