Астанадағы барлық дерлік паркингтер тегін болмақ

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялық алаңында өткен брифингте ақылы паркингтерді жеке компаниядан әкімдікке беру процесін түсіндіріп, қаланың кейбір аймақтарында тегін паркингтер сақталатынын, ал орталыққа кіру қымбатырақ болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек ақылы паркингтердің әкімдікке өтуінен кейінгі жұмыс тәртібін түсіндірді. Ол паркингтерді әкімдікке беру бойынша жеке компаниямен құжатқа қол қойылғанын атап өтті.
"Біз соттасқан едік, бірақ құжатқа қол қойдық. Бізден және олардан ешқандай өтемақы төлемдері болмайды. Бүгінде осы жеке компанияның басқаруындағы барлық жер телімдері ақысыз түрде әкімдікке өтеді. Сонымен қатар барлық инфрақұрылым шлагбаумдар, басқа нысандар және толық цифрлық платформа да берілетін болады. Қалалықтардың пікірін ескере отырып, бірқатар нысанды түбегейлі қайта қарастырамыз. Әлеуметтік нысандардың алдында ақылы паркингтер болмайды. Беру процесі аяқталған соң кейбір жерлерді қайта қарап, көптеген орынды толықтай тегін етуге мүмкіндік болады", – деді Астана әкімі.
Алайда әкімнің айтуынша, қаланың орталығына кіру қымбатырақ болады. Ол мысал ретінде Мәскеуді келтірді.
"Қаланың орталығы Достық, Қонаев көшелері қозғалыс өте белсенді орындарда біз әлемнің көптеген астанасы сияқты бағалар қоямыз. Мысалы, Мәскеуде Тверская көшесінде көлік қалдыру 20 мың рубльге (130 600 теңге) шығады", – деп түсіндірді Қасымбек.
Еске салайық, бұған дейін Астанада тұрғын үй кешенінің халқы паркингті автосалонға сатып жіберген құрылыс компаниясына қарсы бас көтерді. Дау құрылыс сатысында көлік тұрағы болады деп жоспарланған екіқабатты ғимарат төңірегінде туындап отыр. Ол ғимарат он жылдан бері бос тұрған. Құрылысшы ұзақ уақыт бойы тұрғындарға ондағы орындарды сатпай келген. Ал биыл сатып алушы табылыпты.
Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)