Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

13 жасар қызды ерлікпен құтқарған қазақстандық полицей жол апатынан қаза тапты

Абай облысында осы жылдың наурыз айында 13 жасар қызды қаскөйдің қолынан ерлікпен құтқарған полицей жол апатынан қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото Абай облыстық полиция департаментінен

Полиция мәліметінше, Асхат Ахатов 2024 жылдың 18 қазанында жол апатына ұшыраған.

Абай облыстық полиция департаменті өліммен аяқталған жол көлік оқиғасына түсініктеме берді.

"Омбы-Майқапшағай автожолында үш көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Көлік құралдарының соқтығысуы салдарынан үш адам қаза тапты. Оның ішінде Семей қаласының полиция аға сержанты Асхат Ахатов бар", - деді ведомство. 

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Трагедияның барлық жағдайлары белгіленеді.

"Полиция департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - деп хабарлады ведомстводан.



Еске салсақ, осы жылдың наурыз айында Семейде ер адам кішкентай қызды аңдып, оны құтқармақ болған полицейге үш рет пышақ сұққан болатын. 13 жасар қызды ерлікпен құтқарған Асхат Ахатов болатын. Ол қоян-қолтық ұрыс дағдыларын қолданып қаскөйдің пышағын тартып алған.

Талқылау