12 жылға бас бостандығынан айырылған Гүлмира Сатыбалдыға қатысты үкім өзгеріссіз қалды
5 қаңтарда Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша апелляция соты онлайн режимде өткізілді. Апелляциялық сот бірінші сатының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Мәліметтерге сенсек, Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы үш бап бойынша айыпталған:
- "Заңсыз бас бостандығынан айыру"
- "Қорқытып алу".
- "Өзімбастылық".
Жалпы, сот айыпталушыға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске салайық, Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. Сот процесі 3 маусымда басталған.
- Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
- Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды сот отырысында денсаулығының нашарлауына байланысты соңғы сөзін айтудан бас тартты.
Өткен жолғы сот отырысында прокурор айыпталушыны 13 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар жәбірленушілер Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан 11 миллиард теңгеден астам соманы өндіруді талап етті.