12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салу: Оқу-ағарту министрлігі ұсынысқа қатысты пікір білдірді
Оқу-ағарту вице-министрі Қазақстанда 12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салу туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Вице-министр Еділ Оспанның айтуынша, аталмыш ұсыныс мұқият талқылауды талап етеді.
"Бұл ұсыныс ретінде айтылды. Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың рөлі өте маңызды деп есептейміз. Мұны біз бірнеше рет айтқанбыз. Әрине, ата-аналар барлық уақытта балаларының жанында болуы қажет. Дегенмен, бұл ұсыныс мұқият талқылауды талап етеді. Ата-аналар қауымының да, мемлекеттік органдардың да пікірін ескеру қажет", – деді вице-министр.
-
Ақмола облысында үйден өрт шығып, екі бала мерт болды
-
Батыс Қазақстан облысында өрт болып, балалар терезеден секірді (видео)
Вице-министрдің айтуынша, егер ұсыныс заң жобасы түрінде рәсімделсе, бірден талқылаулар басталады.
"Жауапкершілікке келетін болсақ, бұл қоғам мен құзырлы мемлекеттік органдардың пікірі ескеріліп, талқылау барысында белгілі болады", – деді Еділ Оспан.
Еске салсақ, бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларды 12 жасқа дейін ересектердің қарауынсыз қалдыруға заңмен тыйым салуды ұсынған еді.