12 адам көкжидек жегеннен кейін гепатитке шалдыққан
Нидерландта 12 адам көкжидек жеп қойғаннан кейін гепатит А вирусымен ауырды. Бәрі супермаркеттен мұздатылған жидектерді сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мамандардың болжамына сәйкес, зардап шеккендер саны жүздеген адамға жетуі мүмкін. Бірінші жағдай өткен жылдың қараша айында тіркелді. Уақыт өте келе шағымдар саны арта бастады. Екі науқастың жағдайы ауыр болғаны соншалық оларды жедел түрде ауруханаға жатқызуға тура келген.
Осы уақыт ішінде көкжидек Нидерландының дүкендерінің сөрелерінде болды. Дүйсенбі күні ғана бұл өнім супермаркеттерден алынды. Жидектерді сатып алған тұтынушыларға оларды қайтару ұсынылды.
Мұздатылған көкжидек Польшадан әкелінген. Жұқтырудың себебі өнімнің қапталу процесінің бұзылуынан болуы мүмкін деп болжанып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде балалар ауруханасының 13 қызметкері тутуберкулезбен ауырған медбикемен байланыста болғаны үшін қауіп тобына тап болды. 21 жастағы медбикеге ашық туберкулез диагнозы қойылды. Науқаспен қызметкерлерден бөлек облыстың түкпір-түкпірінен келген 769 бала байланыста болған. Олар 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін облыстық балалар клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Медициналық мекеменің бас дәрігері оқиға орнында облыстық және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттерінен комиссия жұмыс істеп жатқанын хабарлады.