Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

101 жастағы ана ұзақ жасауының сырымен бөлісті

Арал ауданы Аралқұм ауылында ғасыр жасаған Тәжігүл Еңсепова есімді кейуана тұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

1012
Жасы 101-ге келген қария Көкарал деген жерде жарық дүние есігін ашқан екен. Дәлірек айтсақ, 1916 жылдың қаңтарында.

«Соғыс жылдарында бала болып қарнымыз тоя тамақ жегеніміз жоқ. Ашқұрсақ болып өстік. Таңның атысы, күннің батысы үй көрмей жұмыс істедік. Шаршауды білмейтінбіз. Басымыздағы небір қиын жағдайды сабырлықпен жеңе білдік», – деп өткенді еске алады кейуана.

1011

Ол кісіден «ұзақ жасаудың сыры неде» деп сұраған едік, «Көп жасағыларың келсе, еңбек етіңдер, ешкімге жаманшылық ойламаңдар» деп қысқа қайырды.
Бүгінде қарт ана жасы алпысқа келіп қалған ұлы Елеухан мен келіні Күләштің қолында.

«Анамыз өмір бойы тынбай еңбек еткен адам. Жастайынан ашаршылық заманды бастан өткерді. Ал соғыс жылдары балық аулап, қамыс шапқан. Ауырып көрмеген. Сексенге келгенше үй шаруасын істеп жүрді. Қаншама келіні бар десек те, өзі тыным тауып отырғысы келмейді. Қазір де бақуатты. Арасында далаға шығып, серуендегісі келеді. Бірақ өзіміз алаңдаймыз, не дегенмен кәрілік жеңеді ғой, ауырып қалама деп уайымдаймыз. Сондықтан үйде бабын жасап отырмыз», – дейді Елеухан аға.

101

«Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» демекші, аралқұмдықтар ғасыр жасаған Тәжігүл Еңсепова әжейді ұдайы мақтан тұтады.
«Бұл апам менің сырласым, әрі Құдайы көршім. Жастайымнан жақсы араластым. Бірге шөп шаптық, тасыдық, талай бірге еңбек еттік. Тәжігүл апа ешкімнің ала жібін аттамайтын адал кісі. Ұзақ жасауының, қазыналы әже болып отырғанының құпиясы осы ма деймін, шырағым», – деді Сексеннің сеңгіріне келген көршісі Төлен Әбдәлиева.

Қадірлі жан балықшылар бригадирі болып жұмыс істеген Төреғұл Еңсеповпен бірге 9 перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 42 немересі, 63 шөбересі және 2 жастағы шөпшегі бар. Солардың ортасында шат-шадыман күн кешуде.

Оқи отырыңыз:

Күйеуімен Норвегияға көшіп кеткен Ақкенже Әлімжан қуанышты жаңалығымен бөлісті

Төрт баланың анасы өмір бойы күйеуінің көзіне шөп салып келгенін айтып өкінді

АҚШ-та оқыған жігіт қоқыстан миллиондап пайда табуда (видео)

Сарыағаштық бақсы адамдардың жынын қобызбен шығарады (фото)

Талқылау