10 ақтөбелікті діни көзқарасы үшін әскер қатарына алмай қойды
Әскерге шақырылғандардың арасында жат ағымның жетегінде жүрген азаматтар бар. Биыл 10 жас діни көзқарасы үшін іріктеуден өтпей қалды.
Фото: inform.kz
Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
Астанадан Ақтөбеге келген мамандар медицина, білім, дін саласын ғана емес, қорғанысты да назарда ұстайтын болды. Бүгін діни портал редакторы Жалғас Сәндібаев, «Нұр Ғасыр» қоғамдық қорының президенті Аян Төреғұлов облыстық қорғаныс істері департаментінің жеке құрамымен кездесті. Діни ахуалдың өзекті екенін, қырағылықты күшейту заман талабына айналғанын айтқан мамандар алдымен салафизмнің не екенін ұғындырды.
Арнайы дайындалған бейнероликте салт-дәстүрден жирену, ата-анадан бас тартудан басталатын жат жолдың негізгі белгілері айтылды.
«Жаңа портал Елбасының тапсырмасымен ашылды. Мұнда білікті ғалымдардың тұжырымдамасы, зерттеулері бар. Әрі қазір ақпарат заманы. Діни резонанс пайда болды. Ендігі мәселе дұрыс ақпаратты қайдан, қалай алуға болады? Міне, осы сауалдардың шешімін жаңа порталдан табуға болады»,- дейді діни портал редакторы Жалғас Сәндібаев.
Әскери қызметкерлердің білімі мен біліктілігін арттыру арқылы жат ағымның жетегінде жүрген жастарды дер кезінде анықтауға болады. Денсаулығы мықты, білімі жоғары болғанымен, олар әскер қатарына алынбайды.
«Қорғаныс департаментінде әскерге шақыру комиссиялары құрылды. Әкімдер мен Дін істері басқармасының мамандары да шақыртуға қатысады. Әскер қатарына шақырмас бұрын біз ер азаматтардың жеке ісін алып, зерделейміз. Алдымен денсаулығын, тұратын жерін қараймыз. Отбасы жағдайын біліп, ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған, тұрмағанын анықтаймыз. Басқа діни ағымға қатысын да тексереміз. Биыл 10 жас діни көзқарасы үшін іріктеуден өтпей қалды. Себебі, әскерде техника, қару бар. Олар соған қол жеткізбеуі керек. Бізде полиция, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлігіне қабылданатындай іріктеу өтеді»,- дейді облыстық қорғаныс істері департаментің Сейіткерім Арапбаев.
Айта кетейік, Ақтөбеде ертең күзгі әскерге шақыру науқаны басталады. Биыл 1900-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Олар Алматы, Қарағанды, Тараз қалаларына жіберіледі. Ал жыл бойы 40 мыңнан астам жас медициналық тексеруден өтіп, оның 2 пайызы көз ауруына шалдыққаны анықталды. Сонымен қатар, отбасының жалғыз асыраушысы, ауылда мұғалім болып жұмыс істейтін жас, мешіт имамы да әскерге алынбайды.