1 миллионнан астам сақтандырылмаған қазақстандық тегін емделеді
Фото: Үкімет
Мемлекет басшысының Қазақстанда сапалы медициналық көмекке жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде халықты медициналық қызметтермен қамту кеңейтілді. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, 2024-2025 жылдары медициналық көмекке жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені іске асырылған. Атап айтқанда, скринингтен өту жасы 76 жасқа дейін көтерілді. Бұл қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік берді.
Онкоскринингтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне (ТМККК) көшіру маңызды қадам болды. Бұл осы жылдың өзінде-ақ 300 мыңнан астам сақтандырылмаған азаматтар үшін қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалауға жол ашты. 2026 жылдан бастап қан айналымы жүйесі ауруларын, қант диабетін және вирустық гепатиттерді анықтауға арналған скринингтер осы санатқа қолжетімді болады.
"Медицина барлығына қол жетімді болуы керек. Қабылданған заңның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар енді медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша табысы төмен азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлей алады. 2026 жылы сақтандырумен қосымша 1 млн-ға жуық адам қамтылады деп күтілуде", – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекет 11 млн-нан астам қазақстандықты қамти отырып, 15 жеңілдік санаты үшін сақтандыру жарналарын енгізуде. Бастапқы буынның жұмысы да жетілдірілді. Дәрігерлерді қабылдау уақыты ұлғайтылды, жоспарланған қабылдаулар енгізілді және жедел жәрдем кабинеттері ашылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында 2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылатынын баса айтты.
"Біздің басты мақсатымыз – ашық, әділетті және ең бастысы, әрбір азамат үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру. 2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджеттер есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады. Осындай ауқымды өзгерістерді бірлесіп жүзеге асыруға күш жұмылдыру керек",— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Денсаулық сақтау министрлігіне, Еңбек министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірге медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмысты жүргізу тапсырылды.
"Өңір әкімдіктері мен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек сапасын арттыру бойынша пәрменді шаралар қабылдап, сақтандыру жүйесіне жарна төлеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Жергілікті деңгейде енгізіліп жатқан өзгерістерді іске асыруға әкімдіктерді барынша жұмылдыру керек", – деді үкімет басшысы.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
