2025 жылы 1 АЕК көлемі неше теңге болады
Қаржы министрлігі "Ашық құқықтық актілер" порталында "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қоғамдық талқыға ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
2025 жылы 1 қаңтардан бастап:
- Жалақының ең төменгі мөлшерi – 85 000 теңге;
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 32 360 теңге;
- Зейнетақының ең төмен мөлшерi – 62 771 теңге;
- Айлық есептiк көрсеткiш – 3 932 теңге;
- Базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 46 228 теңге болып белгіленсін.
Сонымен қатар жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражаттың мөлшерін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5% көтеру ұсынылып отыр.
“1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 2%-ы болып белгiленсiн. Жыл басынан бастап әскери қызметкерлерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметкерлерден басқа) және арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленсiн”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін қазақстандық сарапшылар әлеуметтік жағдайға қарамай, барлық балаға жәрдемақы тағайындауды ұсынған еді.