Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі адам қаза тапты: Павлодарда бес жұмысшыны топырақ басып қалған

Фото: ТЖД

Павлодарда су құбырларын жөндеу кезінде бес жұмысшыны топырақ басып қалды. Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіп аймағында болған. Жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, шамамен 6 метр тереңдікте шұңқыр пайда болған.

"Құтқарушылар келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамға сыртқа шығуға көмектескен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар топырақ астынан тағы екі зардап шеккен адамды, сондай-ақ екі қаза тапқан адамның денесін алып шықты", – делінген Павлодар облыстық ТЖД хабарламасында.

Кәсіпорын қызметкерлері су құбыры желілерінде дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Павлодар қалалық №1 ауруханасының мәліметінше, зардап шеккендердің екі жұмысшы, 60 және 25 жастағы ер адамдар ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы бір зардап шегуші 1970 жылы туған ер адам амбулаториялық ем қабылдауда.

Полиция қызметкерлері төтенше жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

"Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
STAN.KZ
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 20:44