"Ит пен мысықты өлтіруге қарсымыз!": Қазақстандықтар қаңғыбас жануарларға эвтаназия жасау туралы заң жобасына қарсы шықты

Желіде қазақстандықтар қаңғыбас иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасау туралы заңға қарсылық танытуда. Айтуларынша, депутаттар бұл заңды еш ақылдаспай, ойланбай қабылдаған. Қазақстандықтар мемлекеттің деңгейі жануарларға деген қарым-қатынасынан көрінетінін еске салып, заңға қарсы президентке үндеу дайындап жатыр. Stan.kz тілшісі желіде резонанс тудырып жатқан тақырыпқа шолу жасап, жұртшылықтың пікіріне шолу жасады.
Эвтаназия — бұл емделмейтін ауыр сырқаты бар тірі жанның қатты қиналып жатқан кезде өмірін тоқтату тәжірибесі. Яғни тіршілік иесінде жазылу мүмкіндігі жоқ кезде, оның азабын жеңілдету үшін өмірін арнайы препараттың көмегімен тоқтатуға бағытталады. Бұл әрекетті Қазақстанда қаңғыбас үй жануарларына қолдану қарастырылуда. Яғни қаңғыбас иттерді 5 күн ұстап, кейін өлтіруі мүмкін.
Депутаттардың бұл ұсынысы желіде қазақстандықтар арасында қызу талқыланып жатыр. Көпшіліктің көзіне депутат Дәулет Мұқаевтың жазбасы түсті.
“Айтпақшы, енді иесі 5 күн ішінде табылмаған иттер болса, мәңгілік ұйқыға жіберіледі(эвтаназия). Осы заңды қабылдау үшін де қоғам белсенділерінен түрлі талас-тартыс, у-шу болды. Әрі 3 жылдан аса уақыт кетті. Ал сол 3 жылда қаншама бала, ересек таланды”, – деп жазды ол желіде.
Фото: Желі кадрларынан скрин
Дегенмен жұртшылық оның бұл пікірімен келіспей мұны нағыз қатыгездік деп бағалады.
“Мәңгі ұйқы, эвтаназия деп өлең жазып отырсыз ба, ашығын айтыңыз, “өлтіреміз” деп турасын айтыңыз”, – деп ашуланды қазақстандық.
“5 күн ішінде жануарлар тамақсыз, сусыз қалып өздері өледі”
Тағы бір тұрғын бұл заң қабылданса елімізде жануарлар эвтаназиясыз-ақ, 5 күн ішінде өліп қалуы мүмкін екенін алға тартты. Айтуынша, бұл уақытта оларға тамақ, су бермейді күтім жасалмайды.
“Қаңғыбас жануарларды ұстағаннан кейін 5 күн өткен соң өлтіруге рұқсат беретін заң жобасы қабылданбақ. Олар мұны "эвтаназия" деп атайды. Бірақ біз жақсы білеміз. Осы 5 күн ішінде жануарлар тамақсыз, сусыз қалады да, ақырында оларды күрекпен немесе кірпішпен жай ғана өлтіріп тастайды. Мыңдаған қазақстандықтар бұл түзетулерге қарсы болды. Петициялар жазды, түрлі органдарға жүгінді. Бірақ депутаттарға халықтың пікірі бәрібір. Мен бүкіл әлем біздің елде жануарларға қалай қарайтынын білсе екен деймін. Бұл — шын мәнінде өте төмен деңгей. Менің қолымнан келетін соңғы нәрсе жай ғана иттерді аулауға барған адамдардың қолын сол иттердің өзі тістеп алуын тілеу. Өйткені мұндай жұмысқа бірде-бір есі дұрыс адам бармайды”, -деп жазды тағы ол.
“Президентке үндеу: Эвтаназия туралы заңды жоюды талап етеміз!”
Қазір желіде бұл заңға қарсылық білдіріп жатқандар Президент әкімшілігіне үндеу дайындап жатқанын да мәлімдеуде. Айтуларынша, оларды өлтірудің орнына қорғауға, адамгершілікпен қарауға арналған заң қабылдануы тиіс. Себебі, мемлекеттің дәрежесі жануарларға деген қарым-қатынасынан көрінеді.
"Біз Президент Әкімшілігіне үндеу жазып жатырмыз. Жануарларға адамгершілікпен қарауды қалайтындар болса қосылыңыздар! Эвтаназия туралы заңды жоюды талап етеміз! Жануарларға қатыгездік көрсететін депутаттар қызметтен кетсін. Жиіркенішті шешім, құдды олар есінен адасқандай.
Еліміздің жануарларға жау емес, керісінше қорғай алатындай ел болғанын қалаймын. Қатыгез адамдардың өздері жазалансын. Ит етін жеуге тыйым салынып, балаларға мейірімділік үйретілсін. Ешкім жануарларды жақсы көр деп мәжбүрлемейді. Тек ең болмағанда оларды қорламай, жоюға жол бермеу қажет. Әрбір тіршілік иесі өмір сүруге лайық. Ал адамдар, әлсіздерді қорғауға міндеттіміз. Ит пен мысықты өлтіруге қарсымыз!”, – деп қорытты қазақстандықтар.
“Қазақтар қатігез, жануарларды тек басқа ұлт өкілдері қорғайды деген өтірік"
Кейбір желі қолданушылары елімізде “қазақ тілді қауымның” жануарларға қатігездікпен қарайтынын айтты. Тағы бір топ оларға қарсы шықты. Айтуларынша, Қазақстанда да оларға қамқорлық танытатындар көп және мұндай заңмен қаңғыбас ит мысықтарды құрту адамшылыққа жатпайды.
“Кімде-кім эвтаназия туралы адамгершілікке жат, жиіркенішті заңға қарсы шығып жүрген қазақтілді блогерлерді білсе, белгілеңіздерші, өтінемін. Күшімізді біріктірейік. “Қазақтар қатігез, ал жануарларды тек басқа ұлт өкілдері ғана қорғайды әрі жақсы көреді" деген стереотипті жою керек. Иә, қазақтар қатал. Біз мысықты қатты жақсы көретін түріктердей емеспіз. Бірақ біз табиғатымыздан мал шаруашылығымен айналысқан халықпыз. Сондықтан жануарлар жауапкершілікпен қарап, оларды отбасы мүшесіндей жақсы көре аламыз. Мен де, миллиондаған қазақстандықтар сияқты, бұл заңға наразымын және оның күшін жоюды талап етемін”, – деп жазды Алина Куляна есімді желі қолданушысы.
Бұл пікір астында көпшілік бұл заңды қабылдауға шынымен стереотиптің де әсері бар екенін алға тартты. Сөздерінше, кей ауылдарда тұрғындардың өзі қаңғыбас иттерді атуды өтінеді екен.
“Өкінішке қарай, бұл стереотиптің белгілі бір дәрежеде шындығы бар. Ауылымыздың чатында тұрғындардың жартысына жуығы қаңғыбас иттерді атып тастауды қалыпты нәрсе деп санайды”, “Бұл жай ғана стереотип емес. Барлығын бірдей деуге болмайды. Сондықтан бұл мәселені тек "стереотип" деп қарастыруға болмайды. Жануарларға қатысты заңдардың бұлай оңай қабылдануы таңқаларлық емес”, – деп жазды қазақстандықтар.
“Балалар тас лақтырып, қорқытады: Мейірімділікті үйрету керек”
Осы тұста елімізде балалардың жануарларға қарым-қатынасы да талқыға түсті. Көпшілік бүгінде олардың ит-мысықтарды қорқытатынын жасырмады.
“Қазір кейбір балалар иттерді қорқытады, тас пен таяқ лақтырады, айқайлап үркітеді. Кейде әдейі зиян келтіруге тырысады. Ата-аналар, балаларға жануарларды сыйлауды және оларға мейіріммен қарауды үйретіңіздерші! Қаңғыбас иттердің өзі онсыз да қиын жағдайда өмір сүріп жүр. Аш, тоңып, көшеде күнелтеді. Бұл олардың кінәсі емес. Басқа елдерде адамдар жануарларға жауапкершілікпен қарайды. Біз де соны үйретуіміз керек. Өйткені қоғамның деңгейі оның жануарларға деген қарым-қатынасынан көрінеді. Балаларымыз мейірімді болып өссін”, – деп жазды қазақстандық.
Фото: Желі кадрларынан скрин
Ел алдында жүрген адамдар да заңға қатысты пікір білдіре кетті. Мәселен, журналист Тимур Балымбетов желіде Гераклиттің сөзін келтіріп, жануарларды өлтіру де қылмысқа жататынын еске салды.
“Кісі өлтіру қылмыс. Жануарды өлтіру де қылмысқа тең. Аңдар адамдармен өмір сүріп қолға үйренеді. Ал адамдар бір-бірімен араласа жүріп жануарға айналуда”, – деп жазды ол.
Еске салсақ, Қазақстанда қаңғыбас иттер ұсталған соң бес күннен кейін атылатыны туралы хабарлаған едік. Бұл заңды ұсынған депутат Еділ Жаңбыршин заң жобасына қатысты қоғамда бұрмаланған пікір қалыптасып жатқанын айтты. Айтуынша, барлық ұсталған жануарды міндетті түрде эвтаназияға жіберу туралы түсінік шындыққа жанаспайды.
“Заң жобасы аясында эмоциялық манипуляция жасалып жатыр. Ұсынылып отырған түзетулер барлық жануарды автоматты түрде құртуды білдіреді деген пікір дұрыс емес”, – деді депутат.
Құжатта ұсталған жануарларды ұстаудың міндетті мерзімдері енгізіледі.
“Қаңғыбас жануарларды уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі кемінде 5 күн. Ал мәслихаттарға бұл мерзімді ұлғайту құқығы беріледі”, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, иесі болуы мүмкін жануарларды ұстауға ұзағырақ мерзім қарастырылған.
“Мұндай жануарлар үшін ұстау мерзімі 60 күнге дейін белгіленеді”, – деді депутат.
Жаңбыршин заң жобасы автоматты түрде құртуды қарастырмайтынын айтты. Оның айтуынша, ұстау мерзімі ұзартылған жағдайда жануарлар:
- жаңа иелеріне берілуі;
- баспаналарда қалдырылуы;
- ұзақ уақыт бойы күтімде болуы мүмкін.
Депутаттың пікірінше, жануарлар мүмкіндік болса табиғи өліміне дейін ұсталады.
"Ит пен мысықты өлтіруге қарсымыз!": Қазақстандықтар қаңғыбас жануарларға эвтаназия жасау туралы заң жобасына қарсы шықты