Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бауырына салу” дәстүрімен қызымды басқа отбасыға бергем": Абай облысында туысқан ағасы зорлаған жасөспірімнің анасы мәлімдеме жасады

Ағасынан азғындық көрген аягөздік бойжеткен әділдік сұрап әлеуметтік желіге үндеу жариялаған еді. Қыздың анасы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін туысы өзге мектеп оқушыларына тиісті дейді. Бұл туралы ол Stan.kz-ке ашық cұқбат берді. 

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Еркеназ Орағалиеваның туған ата-анасы “бауырына салу” дәстүрімен қыздарын балалы бола алмай жүрген абысынына берген. Өгей әке-шешенің қолында тәрбиеленген бойжеткеннің алты жасынан бастап қорлық көргенін туған анасы білмеген. Естіген кезде өкініштен өзегім өртенді дейді Арай Нұргелдина. 

“Өзімді лақтырып жібергім келді. Себебі өзімді кінәлі сезіндім. Қызымды өзгеге бермеуім керек еді. Менің бұл қыздан бөлек екі балам бар. Ішімдегі сәби екі ай болғанда, қайын ағам “маған бер” деп сұрады. Мен “иә” деп келісімімді бердім. Ауруханадан өздері шығарып алды. Сол кезден бастап екеуміздің жолымыз екіге кетті”, – дейді ана.

Қыздың анасының айтуынша, Еркебек Жұмаханов ауылда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Осы оқиғадан соң, жұмыстан шығып, ауылдан көшіп кетіпті. Қызметінен өз еркімен емес, ауылдағы өзге де қыздарға қырындаған соң шығарып жіберді дейді. 

“Біздің ауылдың мектебінен шығып кетті. Басында оған мән бермеп едік. Еркебек ауылдағы бір-екі қызға сөйлеп тиіскен болуы керек. Сондықтан шығып кетті деп естідім. Ұстайды, сипалайды деген секілді қыздардың ата-аналарынан шағым түскен. Қазір олар ештеңе айтып отырған жоқ. Балаларының өмірі үшін”, – дейді ол. 

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Еркеназ Оразғалиеваның айтуынша өгей анасының көзі көрмейді, әкесінің құлағы естімейді. “Үлкендердің шарасыздығын пайдаланып мені зорлап келді. Біреуге айтсаң өлтіремін деп қоқаң-лоқы көрсетті” деп отыр. 

“Осы уақытқа дейін ешкімге айтпадым. Маған сес көрсетіп, қорқытатын. Сен де, әке-шешең де маған ештеңе істей алмайды. Сендерді бұрышқа тұрғызып, дәрет сындыруға сұранатындай етемін деп қорқытатын. Әкемнің құлағы естімейді, мамамның көзі көрмейді, жуас кісілер. Соны пайдаланып маған тиісетін”, – деп еске алды Еркеназ.

18 жасқа енді толған бойжеткен, туысқан ағасының осы уақытқа дейін жасаған қорлығын толық баяндап берді. 

“Мені қора жаққа немесе сарайға алып кетіп, еркімнен тыс “порно” көрсететін. Кейін үйдегілердің жоғын пайдаланып, мүшесін ұстататын. Кейде өгей әкем үйге ішіп келіп, айқай шығаратын. Оны сабырға шақыру үшін анам Еркебекті шақырады. Ол үйдегілер ұйықтаған кезде маған тиісуін бастайды. Алғаш рет 11 жасымда арам ойын жүзеге асырды. Мен балалармен ойнап жүргенде мені үйге алып кетті. Жатын бөлмеге алып кетіп, аузымды қолымен жауып, ең бірінші рет артыма тиіскен”, – деп жылап еске алды Еркеназ. 

Ағаның азғындық әрекетін бұған дейін танымал адвокат Айман Омарова өз парақшасында бөлісіп, Еркеназ Оразғалиеваның ісіне көмектесіпті. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бойжеткеннің  жағдайын тікелей өз бақылауға алатынын мәлімдеді. 

Сұхбаттың толық нұсқасын You Tube арнамыздан көре аласыздар

Талқылау