Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үмітті ақтамады: Бердібек Сапарбаев қола медаль алған спортшыға шүйлікті 

Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаев Азиада ойындарының қола жүлдегері атанған Мейрамбек Айнағұловтан көп үміт күткенін айтты.

Бердібек Сапарбаев спорт бөлімі мен федерация басшыларына сын айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

«Үш жылдың ішінде бір емес, бірнеше рет кездестік. Бірақ талай айтылса да, өкінішке қарай, спорттағы жетістіктеріміз өте нашар. Соңғы үш жылдың ішінде олимпиада ойындары қатарына кіретін спорттан бір де бір әлем не Азия чемпионы жоқ!», — деді облыс басшысы.

Ақтөбе қаласы Қазақстан бойынша Азия ойындары жарысында соңғы орында.

«Азия ойындарына былтыр 4, осы жылы 8 спортшы жібердік деп мақтанамыз. Айнағұловқа үміт арттық, бірақ ол қола алды. Жүзушіміз ақтық топқа да кірмеді. Міне, біздің жұмысымыздың нәтижесі!», — деді облыс әкімі.

Өңір басшысы бұған пара алатындарды айыптады. Спортшылар ақша беріп, жарысқа өтеді деп шүйлікті.

«Жарыстарға «блатпен» баратын сияқты. Егер жақсы спортшылар іріктелгенде, мұндай нәтиже болмас еді. Әр түрлі оқу жаттығу жиындарына миллиондаған ақша бөлініп жатыр. Бірақ сол жиындардың бір де бір қатысушысы Қазақстан, Азия чемпионаттарында орын алмайды. Жиынға 30 адам қатысты деп есепте жазады. Бірақ шынымен одан да аз адам қатысады. Бір сөзбен айтқанда, спортқа бөлініп жатқан қаражатымыз бен көңіліміз ақталмай жатыр», — деді Бердібек Сапарбаев.

Индонезияда өтіп жатқан Азиада ойындарына Ақтөбеден 8 спортшы қатысты. Әзірге балуан Мейрамбек Айнағұлов ғана қола жүлдегер атанды. Өзге спортшылардың жетістігі нашар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау