Еліміздің оңтүстігінен солтүстікке қоныс аударатын тұрғындарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Алдағы 5 жыл ішінде Қазақстанның оңтүстік өңірінен солтүстікке 60 мыңға жуық отбасыны көшіру жоспарланып отыр, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Бұл туралы Sputnik хабарлайды.
Министр тұрғындарды Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облыстарына қоныстандыру мәселесі қолға алынғанын айтты.
«Егер қол қусырып отыра берсек, алдағы бес жыл ішінде экономикалық белсенді адам саны 167-ге азаяды», – дейді Нұрымбетов.
Қазіргі уақытта Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан 114 отбасы (461) солтүстікке қоныс аударған. Одан бөлек 1,2 мың отбасы көшуге дайын отыр.
«Бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан үкіметте осы мәселені талқылай отырып, алдағы 5 жыл ішінде тағы 59 мың отбасыны көшіруді жөн деп таптық», – дейді министр.
«Қазір бағдарламаға өзгеріс енгізіп, қаржылық жағын реттеп жатырмыз», – деп атап өтті министр.
Біріншіден, отбасының әр мүшесіне жол жүру ақысына 35 АЕК (79 415 теңге) көлемінде субсидия беріледі. Екіншіден, үкімет ай сайын жалға алған пәтер ақысын 34 мыңнан 68 мыңға дейін төлеуге дайын.
«Егер бір адам кем дегенде 5 маманды 3 жылға жұмысқа алатын болса, біз жұмыс берушіге 1 млн теңге төлейміз», – дейді ол.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көшіп келгендерге 2 млн теңге көлемінде сертификат беріледі. Бұл ақшаға тұрғындар ауылдық жерден үй ала алады немесе тұрғын үй алуға алғашқы зайым ретінде құя алады.
«Сонымен қатар жер учаскесін бақша өндірісіне, коммерциялық мақсатта беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Одан бөлек көшіп келгендер арасында кәсіпкерліктен айналысқысы келгендер үшін грант беру мәселесін де қолға алып жатырмыз», – дейді Нұрымбетов.
«Тұрғын бизнеспен айналысам десе, “Бизнес Бастау” бағдарламасынан өтіп, Кәсіпкерлер ұлттық палатасынан келісім алады. Біз оған кәсібін жүргізу үшін 5 млн теңте бере аламыз», – дейді министр.
Тағы да оқыңыз:
Мысырда су перісінің қаңқасы табылды
Сара Назарбаеваның ауылындағы жалғыз мектеп бүгін-ертең құлап қалуы мүмкін