Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі тапаншадан оқ атып, адамдарды жарақаттаған": Қарағандыда алқабилердің қатысуымен өткен сотта айыпталушыларға жеңіл жаза тағайындалды

Бірер күн бұрын Қарағандыда үш жыл бойы іздеуде болған күдіктілерге қатысты сот үкімі шықты. Әйткенмен журналист Михаил Козачковтың сөзінше, айыпталушылар жеңіл жаза алыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

2020 жылдың жазында Green City Park тұрғын үй кешенінің тұрағында нағыз атыс болып, екі жігіт өз таныстарына оқ жаудырды. Салдарынан екі адам ауыр жарақат алып, күдіктілер  қашып кеткен. Олар үш жыл бойы табылмай, 2023 жылдың күзінде ақыры ұсталды. Тергеу барысында бұрын сотталған 35 жастағы Олжас Ранов пен 32 жастағы Марғұлан Маратовтың бұған дейін бірнеше қылмыс жасағаны анықталды. Оларға қару қолдана отырып бұзақылық жасау, қаруды жасырын сақтау және алып жүру, сондай-ақ кісі өлтіруге оқталды деген айыптар тағылған.

“Істі сот алқасы қарады. Оларға болған оқиғаның толық көрінісі айтылды: Ранов пен Маратов дәмханаға түскі ас ішуге келіп, сол жерде жезқазғандық таныс жігіттер Дамдоров, Асхатов және Сыздықовтарды кездестіреді. Жігіттер арасында жағымсыз әңгіме басталып, Ранов әмиянынан жиналмалы пышақ алып шығып, қорқыта бастаған. Жанжалға дәмхана қызметкерлері араласып, агрессивті жігітті көшеге алып шыққан. Артынан досы Маратов та ілеседі. Жезқазғандық екі жігіт те мәселені талқылауды жалғастырмақ болып, арттарынан шықты. Бірақ әңгіме әрі қарай өрбімей, Ранов "Байкал 442" тапаншасын шығарып, Дамдоров пен Асхатовтың аяғына оқ атқан. Маратов та қалыс қалмай, 1931 жылғы наганнан (патрон калибрі – 7,62!) екі рет оқ атқан”, – деп жазды журналист.

Салдарынан екі жәбірленушінің де аяқтары жарақаттанып, сүйектері сынған және оқтан жараланған. Сот-медициналық сараптама жәбірленушілер денсаулығына ауыр зиян келтірілген деген қорытынды шығарды. Ата салысымен Ранов пен Маратов көліктеріне мініп, іздерін жасырған. Олар үш жыл бойы іздеуде болып, 2023 жылдың қыркүйегінде ғана ұсталды.

“Еске салайын, оларға адам өлтіруге оқталу, бұзақылық және қару сақтағаны үшін айып тағылған еді. Алайда сот екеуінің екі тапаншамен оқ атуы – кісі өлтіруге оқталу емес, алдын ала сөз байласу арқылы адамдардың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру деген қорытындыға келді. Мұндай қылмыс үшін жаза 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Сондай-ақ алқабилер екі сотталушы да қару қолдану арқылы бұзақылық жасады (293-баптың 3-бөлігі) және заңсыз қару сақтады (287-баптың 3-бөлігі) дегенмен келісті”, – дейді Козачков. 

Егер екі адам да қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылса, олар бапта көзделген ең жоғары жазаның төрттен үш бөлігін алатын еді, яғни 8 емес, 15 жыл.

Шартты түрде босатуға қатысты екінші тармақ – 106-баптың 2-бөлігі ауыр қылмыс саналады. Мерзімнің жартысын өтейтін болса, яғни 4 жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатыла алады. Аса ауыр қылмыс, яғни адам өлтіруге оқталу үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату мерзімінің үштен екісі өткеннен кейін ғана беріледі. Бұл дегеніміз екі қылмыскер де 2027 жылы бостандыққа шығуы мүмкін дегенді білдіреді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау