Жерге түскен тағамды жеуге бола ма
Кей адамдардың пайымдауынша, тамақты жерге түскеннен бес секунд ішінде көтерсеңіз, оған микроб жұғып үлгермейді және жеуге әбден жарамды. Бұл «ереженің» дұрыстығын білмек үшін, мәселенің парқына баруды жөн көрдік.
Сурет: m.colors.life
Таяу күндерде тәтті шоколадтың қызығына батып, рахатқа беріліп кеткенімде, аяқасты бір тілімін жерге түсіріп алдым. Бірден қиялымдағы тәтті әлемнен топ етіп жерге түстім. Ойымның бәрі жерге түскен шоколад тіліміне қаншама микробтың жабысып үлгергенінде. Сәл тұрдым да, шоколадты көтеріп алдым. Байқаймын, шаң да кір де жұқпаған. Еш ойланбастан аузыма салып жібердім де, қайтадан тәтті әлемнің құшағына еніп кеттім.
Кешкілік осы оқиға есіме түсіп кетті. «Уайымдайтын ештеңе жоқ. Асүйдің едені айнадай жарқырап тұр. Оған қоса, шоколадты бес секундтың ішінде көтердім емес пе?» – деп жұбатып қоямын өзімді.
Өздеріңіз аңдағандай, мен 5 секунд ережесін ұстанамын. Ереже бойынша, жерге түскен тамақты 5 секунд ішінде көтеріп үлгерсеңіз, ол жеуге жарамды болып қала береді. Лезде көтерген тағам жерге түскен болып есептелмейді демекші…
Дегенмен осы оқиға бар ойымды шырмап алып, маза таптырар емес. Жерге түсіп қалған шоколадты жегенім дұрыс болды ма? Әлде шоколадты ғана емес, қауіпті микробтардың бір тобын асап жібердім бе екен?
Дамыл таптырмас ойдың нүктесін қойып, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін ғалымдардың көмегіне жүгінуді жөн көрдім.
Мәселенің байыбына жетпейінше қурай да сындырмайтын ғалымдар жерге түскен нанды, пиццаны немесе жабысқақ ирис кәмпитін жер ме екен?
Қызық, унитазды жалау жөнінде не дейді?
Ең алдымен мына деректерді есте ұстаған жөн. Бактериялар «алма піс, аузыма түс» деп жерде шашылып жатпайды.
Шындығына келсек, олар барлық жерде кездеседі: тіпті, еденді жаңа ғана жуып қойсаңыз да. Адам Тейлордың айтуынша: «Ғылымда «5 секунд ережесі» деген тұжырым атымен жоқ. Егер тағам жерге түссе, оны 5 секунд түгілі, наносекунд ішінде көтеріп алсаңыз да, микроб жұғып үлгереді».
Ал Иллинойс (АҚШ) штатындағы Чикаго университетінің қызметкері, эколог-микробиолог Джек Гилберт сөзінше, тағам еденге түскенде оған кір жұғатыны анық. Ал кірмен бірге микробтар да жұғады.
2015 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде үйдегі шаң арасында 9 мыңға жуық микроағзалар тіршілігі қайнап жататыны анықталды. Олардың қатарында әр түрлі 7 мың бактерия да бар.
Десе де олардың көбінің зияны жоқ. Тіпті, микроағзалар сізді еш уақыт жалғыздықта қалдырмайды. Олар үйіміз тұрмақ, қолымыз бен бетімізде де бейқам тіршілік етуде.
Қызық, бірақ өзіміз сонша үрейленетін бактериялардың тасымалдаушысы да – өзіміз. Әр сәт сайын тыныстайтын ауамыз бен теріміз арқылы оларды жан-жаққа таратамыз.
«Микроағзалардан қашып құтыла алмайсың. Жасырынатын жер де жоқ. Көптеген бактериялар әр тынысымызбен бірге ішімізге түсіп отырады», – деген Гилберт пікірі ойымызды қуаттай түседі.
Ғалымдар олардың санын да анықтап үлгерген. Арнайы жүргізілген зерртеу қорытындысы әр адамының сағат сайын қоршаған ортаға 38 миллион бактериялы жасушаларды шығаратынын көрсетті.
Гилберт еске салған тағы бір жайт жүзіме күлкі үйірді: микроағзалардың қауіптілігі мен олардың көзін жою керектігі жөнінде жүздеген жылдар бойы айтылып келеді.
«Кір мен ластықтан сонша қорқамыз. Алайда патогенді микроағзаларды кездейсоқ жұқтырып алуымыз мүмкіндігін ескере бермейміз», – дейді ғалым.
Гилберттің өзі таза жерге құлаған тағамды еш сескенбей жейтін көрінеді. «Мәселе тағамның құлаған жеріне де байланысты. Лас жерге түссе, әрине, оны аузыма салмақ түгілі, қолыммен ұстауға да сескенемін», – деп нақтылайды ол.
Сонымен қатар, Гилберт еденді не унитазды жалағанның салдарынан көп жағдайда ауырып қалу мүмкін емес деп сендіреді.
Қатерсіз ешнәрсе болмайды
Алайда үйіңізде әлдекім науқастанған болса немесе гигиеналық жағдайы нашар елде аталған әрекеттерді жасауға тырыспаңыз да.
Әлбетте, бұл микроағзалардың ішінде ауру тудыратындары да жетерлік. Егер олардың біреуі үйіңіздің еденіне жайғасса, туыстарының ас үйдегі үстелде, есік тұтқасында және үйіңіздің өзге де бұрыштарында өріп жүргендігіне сеніңіз.
Мұндай жағдайда жерге түскен тағамды жемей-ақ дертке шалдығуыңыз ықтимал.
Сондықтан қарапайым қауіпсіздік шараларын қолға алу керек. Сорыңызға орай, үйіңіздің еденінде сальмонелла бактериялары қыз-қыз тіршілік кешіп жатса, жерге түскен тағамды 5 секундқа толмай көтерсеңіз де, жеген тағамыңыз бойыңызға нәр беруден бұрын, дерт болып жабысуы мүмкін.
2006 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, сальмонелла бактерияларының 5 секунд ішінде тағамға жұғу мүмкіндігі бір минутқа қарағанда анағұрлым төмен.
Микробтармен байланыстың да пайдасы бар
Адамдар мен бактериялар арасында сиқырлы қорған болуы мүмкін емес, болмаған да. Осы себепті асқан кірпияздардың өзі микробтармен байланыстан қашып құтыла алмайды.
Негізінде, микробтармен байланыс құру пайдалы болуы ықтимал.
«Тағамды дәрігер кабинетінде не қоғамдық әжетхана еденіне түсіріп алмаған болсаңыз, микробтармен байланыстың пайдасы да бар», – дейді Иллинойс (АҚШ) штатындағы Солтүстік-Батыс университетінің қызметкері Кэтрин Амато.
Қоршаған ортадағы микробтар адам ағзасына сәби шағынан-ақ түседі екен. Бұл арада кірдің де қатысы жоқ емес.
Екі жасына қарай сәби микрофлорасы ересек адамдікіндей сипат ала бастайды.
«Сәйкесінше, жерге түскен тағамға микробтар жұқса, ол мықты иммундік жүйенің дамуына ықпалын тигізеді. Жерге түскен тағамды жеуге әбден болады дер едім», – дейді Амато.
Бұл пікірге Натали Хеннинг те қосылады: «Бактериялардан қорқып өмір сүретін болсаңыз, мықты иммундік жүйені қалыптастыра алмайсың».
Басқаша айтқанда, 5 секунд ережесі түкке де тұрмайды.
Үйіңізде қауіпті микроб пайда болса, аталған ереженің өміріңізді қорғап, ауырудан сақтайтын еш қауқары жоқ.
Ал басқа жағдайларда жерге түскен тағамды сескенбестен аузыңызға апаруға болады.
Өз басымды әбігерге салған ойдан сіздің басты арашаладым деп үміттенемін.
Жіберіп алмаңыз:
Көз алдымызда қараңдайтын не нәрсе
Шарап немесе сыра – қайсысының зияны аз?
Шай немесе кофе – ағзамызға қайсысы пайдалырақ?