Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде “раха” деп алғыс айтып, “нестеватсың” деп жағдай сұрайтын жастар көбейген

Әлеуметтік желіде, телефонмен сөйлескенде “раха” деп алғыс айтып, “нестеватсың” деп жағдай сұрайтын жастар қазір көбейіп кетті. Және мұндай әңгіме кейінгі уақытта белгілі бір нормаға айналғандай. Осындай, басқа да қазақ тілінің мәртебесін түсіретін жайттарды ескерсе керек, Қазақстан халқы ассамблеясы бүгін тұңғыш ашық диктант өткізді.

диктант

Бұл туралы 31 арна жазды.

Алайда, сынаққа таңдап алынған мәтіннің өзінде қателер бар болып шықты. Сынақ қабылдаушылар емес, керісінше диктант жазушылар кемшіліктерді түзеткен.

Қазақстан бойынша 3 мыңдай кітапханада осындай диктант жазу өткен. Жұмыстарынан сұранып, қазақ тілінен ашық диктант жазуға әртүрлі мамандық өкілдері келіпті. Астанадағы сынақтың ашылуында тіл мамандарымен бірге орыс қызы кіріспе сөз сөйлеп, үндеу тастады.

«Тек қана қазақ тілі арқылы қазақтың нағыз жанын түсіне аласың. Мен барша қазақстандықтарға қазақ тілін меңгеруге ықыластары оянсын деп тілеймін және де жақында Қазақстанда барша қазақстандықтар тек қана қазақша сөйлейді деп сенемін. Бәріңізге сәттілік!»,-деді “Жарасым” республикалық жастар бірлестігінің мүшесі Валерия Волошина.

Содан соң диктант басталды. Тақырып – “Мәңгілік ел” патриоттық актісі.

Айналасы 1 сағатқа жетпей диктант аяқталды. Сынақ тапсырушылар арнайы тақтада көрсетілген дұрыс нұсқасымен өз қателерін түзеп, білімдерін бағалап жатты.

«Егер де мәңгілік ел мемлекеттік құжат ретінде болса, онда ол тырнақшаға алынуы керек. Мен тырнақшаға алып едім, өзімнің қатемді тақтамен тексерген уақытта оны алып тастауға мәжбүр болдым. Бірақ ол олай емес қой»,-дейді “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы Мира Дүйсебаева.

Қате деп отырғаны – сөйлемнің ортасындағы кей сөздердің бас әріппен жазылуы. Және мұндай жағдай мәтінде бірнеше рет кездеседі. Диктант қабылдаған тіл мамандары да бұл кемшілікті мойындайды. Бірақ, қол қойылып кеткен ресми құжат болған соң, оны сынақ үшін өзгерте алмаймыз деп отыр. Қатенің себебін, батыс елдеріне еліктеуден дейді.

«Модельдік заңдарды, модельдік құжаттарды аударған кезде бізде тап содан сондай етіп орыс тіліне аудару бар. Ал оны қазақ тілінің емлесіне қарай аударатын кезде “жоқ, орыс тілімен бірдей болсын” деп талап қойылатыны жасырын жай емес. Ондай болады»,-дейді Филология ғылымдарының кандитаты, комиссия мүшесі Камал Әлпейісова.

Ұйымдастырушылар айтылған пікірлерді келесі сынақта ескереміз деп отыр. Қазақ тілін дәріптеуге бағытталған шараға жалпы республика бойынша 20 мыңдай адам қатысыпты.

Талқылау