Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жас ұстаздар қазақстандық оқушыларға не үйрете алады?

Ағымдағы жылда ұстаз бен оқушылардың тіл табыса алмауынан туындаған келеңсіздіктер туралы ақпараттар көптеп жазылды. Олардың бірінде оқушыларды қатаң жазалаған ұстаздар айыпталса, екіншісінде бар кінә оқытушысын балағаттап, қол жұмсаған оқушыларға артылған-ды. Десе де, мұндай ситуацияларда оқушылардан бұрын, ұстаздардың беделі төмендейтіні анық. Осыған  орай, Stan.kz Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мектептер мен гимназияларға, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім ордаларына барып жас мамандар арасында сауалнама жүргізді. Олардың “бұзық балалармен” қалай тіл табысып, оқушылардың алдында сый-құрметке ие болу үшін қандай тәсілдерді пайдаланатынын анықтап білді.

3E0A9695

1. Тәжірибеңізде ата-аналардың сізге сенімсіздік танытқан кездері болды ма?

Міржақып Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназияның ағылшын пәні мұғалімі Балжан Талғатқызы:

Ата-ананың сенімсіздік танытатын кездері әрине болады. Алғашқы жылы мені “Жас маман балама лайық білім бере алмады” деген кездері де болды. Тіпті, жәй сөзбен айтып қана қоймай, басшылыққа шағым түсірген болатын. Дегенмен, ол сенімсіздікті біліктілігімнің арқасында жеңіп шықтым. Яғни дәлелдей білдім. Бұл жағдай нақты бағалауға қатысты болған еді. Кез келген ата-ана өз баласын бәрінен артық көретініне анық көзім жетеді. Бір ата-ана менің қойған төрттік бағамды құптамай, бесті талап етті. Бәлкім мен жас маман болғандықтан, ол кісіге үстімнен шағым түсіру ыңғайлы болған шығар. Кейін басшылықпен жиналыс ұйымдастырылып, әлгі оқушыға жасына сай сұрақтар қойылды. Өзіне берілген тапсырманы орындай алмағандықтан, оның деңгейін осы күнге дейін дұрыс анықтап келгенім белгілі болды. Әрине, мен әрдайым өзімдікі дұрыс демеймін. Дегенмен, қуанышыма орай шығар, мұндай келеңсіз оқиға тәжірибемде тек бір рет қана болды. Осы жағдайдан кейін әділ бағалауға қатысты көп іздендім.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәні мұғалімі Нұрым Уәғиоллаұлы:

Мұндай жағдай алғаш рет 2012 жылы мен Орал қаласындағы Назарбаев мектебінде жұмыс істеп жүрген кезде болды. Әкімшілік шақырып ата-аналардың жұмысыма көңілдері толмайтындығын жеткізді. Олар балаларға тым жоғары талап қойып, қатаңдық танытатынымды тілге тиек еткен екен. Осы жағдайдан кейін отбасылық жағдайыма байланысты 3 апталық демалыс алуыма тура келді. Демалыс кезінде баламды Ресейдегі ауруханалардың бірінде қараттым. Осылайша шетелде жүріп осы тақырып төңірегінде терең ойландым. Кейін әдістемемді түбегейлі өзгертіп, 2013 жылдың күз мезгілінде республикалық мұғалімдер байқауында бас жүлдені еншіледім. Үшінші базалық деңгейдегі тренер болып өзге ұстаздармен тәжірибемді бөліскеніммен, сол әдістеменің барлығын өз бойыма сіңіріп үлгермегендігімді түсіндім. Ең бастысы, оқушымен досындай сырласа білу қажет екен. Олар да өз кезектерінде бұл әрекетіңді жауапсыз қалдырмайды. Саған деген сенімдері арта түседі.

№148 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айжан Нұрболатқызы:

Әр ата-ананың өзінің жеке пікірі болады. Олар түрліше ойлап, пайым жасайды. Мен 2015 жылдан бастап өз пәнімнен бөлек, сынып жетекшілікті қолға алдым. Бәлкім сол кезде ата-аналар мені жас маман ретінде сенімсіздік танытқан шығар. Десе де, мектепте ұйымдастырылған шараларда сыныбым ерекше көзге түсіп, мен бұл сенімсіздіктерін жоя білдім. Әрине, ата-аналар алдыма келіп “Сіздікі қате” деп айтқан емес. Бар болғаны, бұл сенімсіздіктерін сөздерінен байқаған болатынмын. Мұндай жағдайда керісінше қуанамын. Себебі, ата-аналар осы әрекеттерімен менің тәжірибемнің табысты болып, ісімнің ілгерілеуіне жағдай жасайды. Оның үстіне сынды теріс қабылдау мінезіме жат. Кемшіліксіз адам болмайды. Ағаттық өзіміздің де тарапымыздан болуы мүмкін. Өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан, ата-аналардың маған қояр сауалы көп. Себебі, олар балам бұл тілді тез меңгеріп кетуі тиіс деп ойлайды. Десе де, әр баланың мінез-құлқын, тақырыпты жылдам игеру деңгейін де ескеруіміз керек.

Еңбекшіқазақ ауылының Әл-Фараби атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Ұлдар Үсенқызы:

Мұндай жағдайдың болуын қаламаймын және жеке тәжірибемде болған емес. Ата-аналардың сеніміне кіру үшін әрбір оқушыны мұқият бақылауың керек. Мысалы, оқушы сабаққа келмей қалса, оның себебін міндетті түрде анықтағаның жөн. Әдетте мұндайда ұстаз ата-анаға, ал олар ұстазға сеніп қалып жатады. Мұнымен қатар, өз пәніңді жетік меңгерудің де маңызы зор.

3E0A9643

2. Оқушылардың алдында сый-құрметке ие болу үшін не істейсіз?

Балжан Талғатқызы:

Әр мұғалімнің бұл сұраққа берер жауабы дайын шығар. Маған бұл сұрақты сіз өмірімде алғаш рет қойып отырсыз. Бұл туралы тіпті ойланбаған да екенмін. Кейде “мұғалім ұтылып қалыпты, балалар бәліш алып бер деп жылапты, оқушылар ұстаздың көйлегін тартыпты” деген оқиғаларды естіп жатамын. Бірақ менің басымнан мұндай оқиғалар өткен емес. Алғашқы жұмыс күніме 10 жылдық тәжірибесі бар ұстаздай кіріскенім есімде. Құдды мектептегі оқушыларға көп жылдан бері сабақ беріп келгендей болдым. Оқу бөлімінің меңгерушісі “Балжан, сен мұғалім болу үшін жаратылған адамсың” деп айтушы еді. (Күлді.) Бәлкім мінезіме байланысты болар. Ұрысып, ұрмасам да, талап мәселесіне келгенде өте қаталмын. Балалардың сыртымнан “Балжан Талғатқызы өте қатал” деп айтқандарын да жиі естіп жатамын. Қалай болғанда да алдымда отырған 20-30 бала көзімнен таса қалмайды. Осыны біліп олар әрдайым үй тапсырмасын орындап келеді. Мен де өз кезегімде олар танытқан сыйластыққа лайық болуға тырысамын.

Нұрым Уәғиоллаұлы:

Тәжірибемде мұндай жағдай тек студент күнімде болған екен. Яғни мен мектептерге тәжірибе жинау үшін барған кезде. Ал осы уақытқа дейін ЖОО-ларда, колледждерде, қарапайым мектептерде жұмыс істеп келдім. Бірақ оқушылардың бірде-бір рет сый-құрметсіздік көрсеткен кезі болған емес. Бірінші кезекте, оқушының ұстазды сыйлауы оның өз пәнін толық меңгергендігімен байланысты болады. Егер мұғалім өз пәнін мықты біліп тұрса, қарсы алдындағы оқушы оған сын айтпайды. Екіншіден, оқушылардың ұстазды сыйлауы оның адамгершілік қасиетімен де байланысты. Өз басым басқаруға келгенде авторитарлық жүйені құптамаймын. Либералды стильді, соның ішінде демократияны таңдаймын. Міндетті түрде оқушының айтқан пікірін ескеремін.

Айжан Нұрболатқызы:

Ең алдымен, оқушымен досындай сырласып, өзімен балаша ойнай білуің қажет. Жасөспірімдік шақ сынды түрлі кезеңдерді де ұмытпағанымыз жөн. Оқушы ағаттық жасаса “Сенікі дұрыс емес” деп кесіп айтпай, жылы сөзбен жанын жылытып, дұрыс жолға сала білудің де маңызы зор. Ұстаз оқушының туған ата-анасындай болып, оларға ерекше мейірім танытсын. Мұндайда сені оқушылардың өзі-ақ көтеріп алады. Еліміздегі жаңалықтарды жіті бақылайтындықтан, мұғалім мен оқушының түсініспеушілігіне байланысты түрлі ситуациялардың болып жатқанын білемін. Әсіресе жас мамандар ыңғайыссыз жағдайға тап болып жатады. Десе де, әсер етуші факторларды да ескеруіміз қажет. Ұстаз да адам баласы болғандықтан, күнделікті басынан түрлі жағдайды өткізеді. Сондықтан барлығына бірдей жала жаппаймын.

Ұлдар Үсенқызы:

Сый-құрметке ие болу үшін оқушыларды қорқыту қажет емес. Бастысы – оқушылармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу, өзіңнің пәніңді жетік меңгеру. Сәлемдесуіне қарап-ақ оқушының психикалық жағдайын анықтау білу. Әрине, кей жағдайда қорқытуға болатын шығар. Бірақ оның да өзіндік айла-тәсілдері бар. Тыныш отыра алмаған баланы сыныптан шығаруға немесе тәрбие ісі жөніндегі мамандардың көмегіне жүгінуге де болады.

фото1

3. “Бұзық” балалармен қалай тіл табысасыз?

Балжан Талғатқызы:

Бұзық балалар біздің қоғамда жетерлік. Оларды күнделікті өзіміз де кездестіріп жатамыз. Бұзық бала сабақ үстінде көп сөйлеп өзіне назар аудартқысы келеді. Ал оған “тыныштал” дейтін болсаңыз, бұзықтығын өршітіп жібересіз. Мен көп жағдайда мұндай балалардың әрекетін сабақ үстінде елемеуге тырысамын. Содан кейін сабақ ортасында соларға бағыттап сұрақ қоямын. Сұрағыма нақты жауап бермесе де, қошеметтеп, өзгелердің алдында беделін арттырып қоямын. Бұдан өзге топтық жұмыс кезінде әлгі бұзық балаларды алдыға шығарамын. Кейін олар сыныптың өзге оқушыларымен бірігіп жұмыс істеп, шектен тыс белсенділігін білім алуға жұмсай бастайды. Бізге бұзық баланы тынышталдырғаннан келер пайда жоқ. Сондықтан олардың бұл белсенділігін білім алуға бағыттағанымыз жөн болар. Кейде ата-аналар “Сіз келгелі балам ағылшын тілі пәніне қызығы бастады” деп айтып жатады. Осы сөздерден кейін төбем көкке жетіп, марқайып қаламын.

Нұрым Уәғиоллаұлы:

Құдайға шүкір, Назарбаев мектебінде сіз мысал келтіріп отырғандай бұзық балалар мүлдем жоқ. Бірақ осы уақытқа дейін мен жұмыс жасаған мекемелерде болды. Мұндайда қол жүгіртер болсаң, оның барлығы айналып келіп өзіңе тиеді. Бұл – қарым-қатынасты ретке келтірудің дұрыс жолы емес. Ұстаз оқушыларды олардың өздері жақсы көретін әдістермен баулуы керек. Мысалы, мен балалармен  достасу үшін оларды сабақтан кейін бір жерге алып баруым мүмкін. Бұдан өзге, мүмкіндік болып жатса, бірге ән салып, футбол ойнаймын. Назарбаев мектебіндегі акустикалық жүйенің арқасында мұны толықтай жүзеге асыруға болады. Әрине, жоғарыдағы сөздерімнен кейін оқушылар мектепке белгілі бір тәртіпке қатысты критерийлерге сай қабылданады деп ойлауыңыз мүмкін. Баланы мінез-құлқына қарап бөліп-жармаймыз. Бірінші кезекте академиялық біліміне, екіншіден шығармашылық ойлау қабілетіне қараймыз. Әдетте мектепке қабылдау кезіндегі тестіні Джон Хоипкинс атындағы университет өткізеді. Сол тестінің көмегімен логикалық ойлау деңгейі анықталады. Менің ойымша, бұзық балалардың болмауы мектептің беделіне де байланысты.

Айжан Нұрболатқызы:

Біріншіден, балаларды жақсы, жаман деп бөлмейік. Білімді баланың тәртібі нашар болуы мүмкін. Баланы “жамансың” деп кеудесінен итере берудің еш қажеті жоқ. Оның әрбір әрекетінің себебін анықтап, кейін соған сай тәсілдер қолданып, қалай да болсын білімге деген құштарлығын оятуымыз қажет. Кейде меніне қатысты сұрақтар қойып, әкесі мен анасының бойындағы жақсы қасиеттер туралы сұрасаңыз, тынышталып қалады. Мысалы, менің сыныбымда көп балалы отбасынан шыққан бұзық бала бар. Ол әжесі мен атасының қолында өскендіктен өте ерке. Мұғалімдерді көп тыңдай бермейді. Мен оны бұл әрекеті үшін сыныптың алдында масқараламай, жеке алып шығып сөйлесемін. Тәрбие сағаттарында өмірлік сабақ болатындай фильмдерді алып келіп көрсетуге тырысамын.

Ұлдар Үсенқызы:

Кез келген баланың мінез-құлқына отбасының толықтығы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әсер етеді. Бұзық балалармен жұмыс жасау үшін олардың отбасы жағдайын біліп алу қажет. Тіпті, баланың өзінен бұрын, ата-анасымен пікір алмасқан жөн. Себебі жұмысбасты ата-аналар балаларына көңіл бөлмей кетулері мүмкін. Бұдан өзге психолог мамандардың да көмегіне жүгінуге болады. Кейде бұзық оқушылардың қызығушылықтарын анықтап, соған сай бағыттап отыратын кездерім де болады.

3E0A9712

4. Сабақ беру кезіндегі ерекше тәсілдеріңіз бен басты ұстанымыңыз қандай?

Балжан Талғатқызы:

Ағылшын тілі түгіл бала қазақ тілі пәнін оқып қиналып отырады. Ал ағылшын тілінің құрылымы қазақ тіліне мүлдем ұқсамайтындықтан бала міндетті түрде қиналады. Оның үстіне ағылшын тілінде сөйлейтін орта да аз. Осыған орай, оқушылардың аз ғана уақыт ішінде, көп нәрсе үйренулеріне жағдай жасап отырамын. Сөздік қорды кеңейтуге баса назар аударамын. Әр сабақ сайын түрлі жаңа тәсілді пайдалануға тырысамын. Ал ұстанымыма келер болсақ, өзім жасай алмаған дүниені ешуақытта оқушылардан талап етпеймін. Мысалы, оқушы сабаққа кешікпеуі үшін, өзім кеш келмеймін. Бала үй тапсырмасын орындау үшін, өзім берген уәдемді орындаймын. Осындай қарым-қатынастың арқасында олардың мені сыйламай кеткен кездері болған емес.

Нұрым Уәғиоллаұлы:

Биылдан бастап Қазақстанда тұңғыш рет хип-хоп педагогика деген әдісті енгізіп жатырмын. Биология пәніне қатысты әндер қарастырып, оқу бейнебаяндарын кірістірудемін. Балалармен бірге элективті курсты бастап кеттік десек те болады. Бұдан өзге балалармен бірге “Миллион кімге бұйырады?”, “Поле Чудес” сынды ойындарды ойнаймыз. Мен айтып отырған дүниелер сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де өткізілетіндіктен, балалардың пәнге деген қызығушылықтары артып отырады. Бұдан өзге дарында балалармен қосымша жұмыстар өткізіп, деңгейлеріне сай тапсырма беремін. Жоғарыда айтып өткен конкурсқа қатысқан кезде баннер әзірлеген едім. Сол жерге ұстанымымды “Бәрін де көремін, дұрыс бағыт беремін” деп жаздым. Яғни мен сыныпта отырған әрбір оқушымен жұмыс істеп, олардың әрқайсысына сай бағыт беріп отыруды жөн көремін. Қазіргі таңда дайын білімді үйрету емес, өз бетімен ізденугі баулудың маңызы зор.

Айжан Нұрболатқызы:

Жас маман болғандықтан, көбінесе бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс жасаймын. Балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, сабақты ойын түрінде жүргізуге тырысамын. Олар қызылды-жасылды түстерге құмар болғандықтан, сабаққа түрлі-түсті ойыншықтар алып келетін кездерім де болады. Диалог құру арқылы өзара қарым-қатынастарын жақсарта аламыз. Қазіргі оқушылар шығармашылық жұмыстар жасауға қабілетті болып келеді. Топтық жұмыстардың арқасында ауызбіршіліктері арта түседі. Мұнымен қатар, тақырыпты қуыршақ театрының көмегімен ашатын кездерім де болған.

Ұлдар Үсенқызы:

Ұстаздың сабақ үстінде сыртқа шығып, өзге жұмыстарымен айналысып кетуін құптамаймын. 45 минут бойы ұстаз деген атқа лайық толыққанды білім беруге тырысамын. Қажет болса, оларды баурау үшін түрлі көрнекіліктерді қолданамын. Өзіме математика пәнінен сабақ берген Жаңабердиева ұстазымның кітабын пайдаланамын. Сол кітаптың арқасында олардың қызығушылықтарын арттыра білдім деген ойдамын.

3E0A9707

5. Мектептегі пәндерді үш тілде оқытуға көзқарасыңыз қандай?

Балжан Талғатқызы:

Үш тілділік биыл бірінші сыныптан бастап енгізіліп жатыр. Келесі жылы 5 сыныптар да қосылуы мүмкін. Әрине, осы күнгі қарапайым мектептер физика, информатика, химия сынды пәндерді ағылшын тілінде оқып кетеді десе, мен сенбеймін. Ол жақтарда ағылшын тілінің сағаты аз. Ал сағат аз деген – практика жоқ деген сөз. Практика жоқ болса, оқушы информатика, химия, физика сынды пәндерді білмей шығайын деп отыр. Ал енді бірінші сыныпқа немесе тілді тереңдетіп оқытатын гимназияларға енгізуге болады. Ата-аналар мен кей ұстаз тарапынан түрлі сын айтылғанымен, мұның өзі ойластырылған жүйе. Оны бір күннің ішінде әкеліп енгізіп жатқан жоқ. Біраз жылдары бойы зерттеп, жүзеге асуына жағдай жасады деген ойдамын. Қай жылы қай әдістемені енгізсеңіз де, тәжірибе керек болады. Мысалы, құстардан қорқып егін екпей отырмаймыз ғой. Сондықтан бастапқы кезде олқылықтар сөзсіз болады. Сол кемшіліктер арқылы үлкен жетістіктерге жететінімізге толықтай сенемін.

Нұрым Уәғиоллаұлы:

Үш тілділік саясатын толықтай қолдаймын. Назарбаев мектебі 7 сыныптан бастап оқытатындықтан, осы курсты бізге де енгізуге тырысып жатырмыз. Терминдерді үш тілде үйретіп қана қоймай, бүкіл Қазақстан мектептеріне көмек болсын деген ниетпен биологиядан интерактивті аудио-визуалды сөздік шығаруды жоспарлап отырмын. Яғни интернеттің көмегімен бала жасушаның үстін басқан кезде, кез келген органоидтың немесе ағза мүшелерінің атауы үш тілде шығатын болады.

Айжан Нұрболатқызы:

Үш тілділікті мен қолдаймын. Қазір балаларды өзіңіз де білесіз, біздің не ойлап тұрғанымызды алдын ала болжайды. Мұнымен қатар, ауылдық мектептерге де пайдасы мол. Себебі, ауылда ағылшын немесе орыс тілдерінің сағаты аз. Сондықтан олар қалаға келген кезде орысша сөйлей алмай қиналып жатады. Өзімнің де дәл солай қиналған кездерім болған. Бірақ мұның кемшіліктері де бар. Мысалы, бірнеше тілді қатар меңгерген оқушы әліпбиді шатастыруы мүмкін. Кейде оқулықтағы тапсырмалар жасалған кезде оқушылардың жас ерекшелігі ескерілмей жатады. Әрбір материалдың әртүрлі сыныпта қайталанып келе беретін кездері де болады. Мұның барлығы жүре келе жақсаратын шығар. Жалпы өз басым қарсы емеспін.

Ұлдар Үсенқызы:

Үш тілділікті қолдаймын. Әсіресе, қоғамымыз үшін ағылшын тілі өте керек. Бірақ ауылдық мектептер оған дайын емес секілді. Алматы облысында орыс тілін жетік меңгеріп үлгермеген мектептер де бар. Алдымен, жетік меңгеріп алғандары жөн еді.

3E0A9670

3E0A9658

Міржақып Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі әрі директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Күлпәш Дембайқызы  жас мамандармен пайдалы кеңестерін бөлісті. Күлпаш Дембайқызы 44 жыл бойы ұстаздық еткен.

“Кез келген ата-ана баласын ұстазға сеніп тапсырады. Әсіресе, жас ата-аналар балаларының қамын ойлап, талапшыл келеді. Өйткені олар кірпіш қалай қаланса, ары қарай да солай жалғаса беретіндігін жақсы біледі. Десе де, ұстаздар өз кезектерінде ата-аналарға тәрбиенің отбасынан басталатындығын жеткізулері тиіс. Ата-ананың сенімсіздігін жою үшін “Үштік одақ” белсенді жұмыс істегендері жөн. Ал Үштік одақ деп отырғанымыз – мектеп, оқушы және ата-ананың бірігуі. Ал жас мамандарға әрбір оқушының отбасылық әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, ата-аналарымен бетпе-бет пікір алмасуға кеңес беретін едім. Мұнымен қатар, осы тұста психолог мамандар мен әлеуметтік педагогтердің еңбегі зор”, – дейді Күлпәш Дембайқызы.


Жіберіп алмаңыз:

Қоқысқа кеткен миллиондар: 1 қыркүйекте ұстаздарға гүл сыйлау міндетті ме?

Алмас Кішкенбаевты мектептегі ұстаздары “Кнопка” деп әжуалаған

Баласы сабақтан қашса, ата-аналар 15 мың теңгеден бастап айыппұл төлейтін болды

Израилде мыңдаған табысты, бай адамдар мансабын тастап, мұғалімдікке бет бұрып жатыр

Талқылау