Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында ерлі-зайыптылардың дәретханадан табылған қызды асырап алуы тығырыққа тірелді

Баланы асырауға ниеттілердің саны жүзден асады. Ескендір мен Елена кезекке де тұрмағандықтан, балалы болулары екіталай. Әрі, баласын шұңқырға тастап кеткен тасбауыр әйел аналық құқығынан әлі айрылмаған.

Безымянный

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Жамбыл облысында дәретханадан табылған сәбидің тағдыры жаңа қырынан өрбіді. Ажалдан аман қалған нәрестені асырап алушылар арасында қызу талас жүруде. Жуалы ауданынан келген Ахметовтер отбасы алғашқылардың бірі болып тастанды бөбекті бауырына басу ниетін ресми түрде жария етті. Қазір соған қатысты құжаттарын жинап жанталасып жатыр.

Ескендір мен Еленаның шаңырақ көтеріп отау тіккендеріне 4 жылдан асты. Бірақ 33 жастағы келіншек бала көтере алмай жүр. Сәби сүймеуі жанына батқан әйелдің өмірін әжетханадан табылған бүлдіршіннің тағдыры күрт өзгерткендей. Нәрестені көрген бойда бірден асырап алуға бел буған.

“Барлық жаңалықтардан көріп жатырмыз, тастап кетіпті, қалдырып кетіпті деп. Бірақ оларға бүйтіп қатты ойланған жоқ едім, енді мына қызды білмеймін. Не су ішкім келмейді, не тамақ ішкім келмейді, не жұмыста да отыра алмаймын, кетіп қаламын қайта-қайта”, -дейді Жуалы ауданының тұрғыны Елена Тұрғынбекова.

Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған келіншек бөбекті Тұрар Рысқұлов ауданынан Таразға жеткізіледі дегенді естіген бойда жолдасы екеуі «Үміт» балалар үйінің алдын торып жүр. Ақыры сәби жедел жәрдеммен жетті. Көліктен түсірген бойда оны туған баласындай көрген Елена көз жасынына ерік берді. Мекеме ішіне де жүгіре кіріп, баланы қолына алуға асықты. Сөйтіп, бір сәтке болса да тастанды сәбиді бауырына қысып, мауқын басты. Ал нәрестенің атын Жансая деп қойыпты.

Бала асырап алудың машақаты айтпаса да түсінікті. Әсіресе, осы сәбиге көз тіккендер көп көрінеді. Дегенмен тәуекелге бел буған жас отбасы бүлдіршінді өздеріне алу үшін өліспей беріспек емес. Қазір қат-қат құжат жинап, тиісті мамандардан кеңес алуда. Алайда, «Үміт» бөбектер үйінің бас дәрігері сауапты іске ниет білдіргендердің үмітін су сепкендей басты. Себебі өңірде бала асырауға ниеттілердің саны жүзден асады. Ескендір мен Елена кезекке де тұрмағандықтан, балалы болулары екіталай. Әрі, баласын шұңқырға тастап кеткен тасбауыр әйел аналық құқығынан әлі айрылмаған.

“Ия, екіталай өйткені бұл сәбидің анасына іс қозғалып отыр. Ол істің қашан бітетіні, соттың шешімі қалай болатыны белгісіз”, -дейді «Үміт» бөбектер үйінің бас дәрігері Айжан Жақсымбетова.

Қаңтардың үшінде күре жолдың бойындағы әжетхананың шұңқырынан жаңа туған шақалақ табылған еді. Бес күннен соң оның анасы 21 жастағы Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны екені анықталған. Баласынан безінген қатыгез ана кепілдікке ақша беріп, қазір бостандықта жүр.

Талқылау