Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалдамалы баспанаға ие болған шымкенттік жастар көмек сұрайды

Шымкентте осыдан 4 жыл бұрын “Жастар” бағдарламасымен үйлі болған мыңға жуық отбасы шарасыз күйде қалды.

2019 жылы сатып алу құқығынсыз  пәтер алған 29 жасқа дейін тұрғындардың қаңтар айында келісім-шарты аяқталады. Одан кейін көпшілік далада қалуы мүмкін. Себебі не мемлекет тарапынан бұдан кейін баспана берілмейді, не алғашқы жарнаға қаржы жинап үлгермеген. Сөздерінше, уақытша үйге көшіп келгенде карантин басталған. Содан біршамасы жұмыстан қағылса, біршамасы декреттік демалысқа шыққан.

"Бес жыл ішінде біз ақша жинап, басқа үйдің алғашқы жарнасына салу керек болғанбыз. Одан кейін карантин басталып кетті. Карантинде ақша жинауға мүмкіндік болмады. Карантиннен кейін инфляция болды. Инфляциядан кейін баға қымбаттады. Айлығымыз бала-шағаға ғана жетеді. Ақша жинауға мүмкіндік болмады. Көшіп келгенде баламыз жоқ еді. Қазір екі баланың әкесімін" – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Алмас Әшірбаев.

Уақытша үйлі болған шымкенттіктер баспана алғанда мемлекеттің өзге мүмкіндігінен қағылғанын білмеген. Өйткені мамандардың ешқайсысы ескертпеді дейді. Содан жылдар бойы тұрған “кезектен шықтың” деген хабарлама келгенде бір-ақ түсініпті.

"Бұл бағдарлама 2019 жылы жастар жылы болып белгіленді ғой. Сол кезде шықты. Оған дейін мен мемлекеттік қызметпен үй кезегінде тұрған едім. Үй аламын деп. 2019 жылы осы бағдарлама шықты. Айлығымыз жетті. Қуанғаннан алып алдық. Кейін хабарлама келді. “Кезектен алынды” деп. Оған дейін 5 жыл кезек бар еді. Ешқандай үй ала алмаймыз" – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Перизат Батырбекова.

Сөйтсе, қазақстандықтарға мемлекеттен үй алуға бір рет қана мүмкіндік беріледі екен. Жастар “мұны білгенде тып-тыныш кезегімізді күтіп жүре берер едік” дейді.

"Біздің кезектен алып тастайтынын білген жоқпыз. Көпбалалы ана болсаң да, сен қайтадан үйдің кезегіне тұра алмайсың деді. Мысалы, маған бас тарту туралы хабарлама келеді. 5 балам бар. Біздің үйде 5 бала түгілі кейбірінің 7,6 баласы бар. Олардың бәрі ертең көшеде қайтадан пәтер іздеп жүреміз”, – дейді Балжан Шаманова.

Ал жауаптылар болса министрліктің бұйрығы өзгермегенін айтып құтылды.

Бұл тұрғын үйлерді беру ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы 318 бұйрығы аясында жүргізілген еді. Сонымен қатар ол жерде бұл тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз болып келген. Ол бұйрыққа ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Сатып алу құқығы берілген жоқ”, – дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Ордабекова.

Осылайша уақытша баспаналы боламыз деп үй кезегінен қағылған шымкенттік жастар билік өкілдерінен қолдау сұрайды. Олар қазір тұрып жатқан үйлерін несиеге алсақ дейді. Осылай деп талай басшыға хат жазғанымен жастардың жанайқайына құлақ асатын әзірге ешкім табылмай тұр.

Талқылау