Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЭКСПО-ның жабылу салтанаты қалай өтпек?

ЭКСПО-ға қатысушы елдер Қазақстанды қимай жүр. Өйткені, халықаралық көрменің аяқталуына небары екі күн қалды. Шетелдіктердің  Астанадан қанша кеткілері келмегенімен жүктерін жинауға мәжбүр. Ал ЭКСПО-ны ұйымдастырушылар болса, көрменің жабылуын абыроймен өткізсек деп жанталасуда. Салтанатты шараға 18 елдің президенті қатысады деп жоспарланған, деп хабарлайды КТК арнасы.

0909177 ekspo

Көрменің соңғы күндері болғандықтан, бүгін келушілердің де қатары еселеп артқан. Жұрт билет сатып алу үшін таңнан бері кассада ұзын-сонар кезекте тұр. Мәселен, мына бір топ қонақ Алматы облысынан келіпті.

«Жаркенттен  келдік. Күтіп тұрғанымызға 1 сағаттай болды ғой. Адам көп, бүгін соңғы күні екен, балам», – дейді Рәзия Бектұрғанова.

Көрме аумағында да адам ығы-жығы. Әсіресе, Қазақстан павильонында. Жұрт «Нұр Әлемнің» алдында сағаттап кезек күтіп тұр. Бүгін ЭСПО-да Ресейдің ұлттық күні өтіп жатыр. Орыс делегациясы мен ЭКСПО басшылары мерекелік көрме ішінде шерулетіп жүріп өтті. Кейбір шетелдік павильондардағы қызметкерлер Қазақстанды қимай жүр. Катардан келгендер ЭКСПО жабылған соң тағы бірнеше күн Астанада қалып, демалмақ. Олар павильондарын көшіріп алып кетуге де асықпайды,  жүктерін желтоқсанға дейін жинамақшы.

«Қазақ халқына алғысымыз шексіз, ЭКСПО аясында үлкен тәжірибе жинадық. Біздің павильонға 600 мыңнан астам қонақ келді. Бірнеше қазақстандық компаниямен келісімге қол қойдық. Болашақта да бірге жұмыс істеуге ниеттіміз», – дейді Катар павильонының директоры Мохамед әл-Блуши.

ЭКСПО-ға қатысушылар екі күннен соң павильондарды босатуға  мәжбүр. Көрме 10-шы қыркүйекте салтанатты түрде жабылады.

«Жабылу салтанатының өз  тәртібі бар. Оны  халықаралық бюро бекіткен. Сол регламент бойынша өтеді. Алдымен конгресс центрде болады ресми жағы. Одан кейін амфитеатрда концерт өтеді. Шетелден конференцияға қатысатын қонақтардың барлығы шақырылған», – дейді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК төрағасы Ахметжан Есімов.

Қазір көрме аумағында жабылу салтанатына қызу дайындық жүруде. «Нұр Әлем» павильонына жапсарластырылып қадірлі қонақтарға арналған баспалдақ салынуда. 10-қыркүйекте Астанада Ислам елдері ұйымының саммиті өтеді. Халықаралық жиынға келген 18 елдің басшысы да ЭКСПО-ны аралап,  жабылу салтанатына қатысады.  Алдағы сенбі-жексенбіде қалада қозғалыс та қиындайды. Астанадағы Қабанбай батыр, Мәңгілік ел, Достық сынды ірі даңғылдарда жол жабылады. Полицейлер бүл күндері үйден шықпауға немесе тіпті шаһар сыртына кетуге кеңес берді.

«Қалада үлкен кептеліс болмайды. Бірақ, полицейлер қонақтар тез өтіп кету үшін жолды ашып, әр кортежбен бірге жүреді. Сондықтан тұрғындар көліктерімен шаһар ішінде ары-бері жүрмеугені дұрыс. Және сенбі-жексенбі күндері қала сыртына кетіп, демалуға кеңес береміз», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсақанов.

Ал ЭКСПО-ны ұйымдастырушылар керісінше, кез-келген адамды қарсы алуға дайынбыз деп отыр.

10-қыркүйек, көрменің жабылу күні де павильондар жұмыс істейді және  түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Түнгі 9-15-те бұрын соңды еш жерде болмаған мерекелік отшашу басталады. Оған «Нұр Әлем» ұлттық павильоны да  түрлі-түсті жарықпен жұптасып шоу көрсетеді.

Жіберіп алмаңыз:

ОҚО-да балабақша қызметкерлері күн көрсетпейтін басшыларының қызметтен кетуін талап етті

8-қабаттан құлап мерт болған Тілеугүлдің жақындары тергеудің сылбыр жүріп жатқанына алаңдаулы

Павлодарлықтар трамвай қағып өлтірген қыздың отбасына жабылып баспана алып бермек

Теміртауда пәтердегі өрттен 5 жасар қыз көз жұмды

Талқылау