Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде құлпынайдың жуылмастан шоколадпен қапталатыны туралы ақпарат тарады – Бұған денсаулық сақтау министрлігі не дейді

Бүгінде әлеуметтік желіде кәсіпкерлердің табыс көзіне айналған шоколадпен қапталған құлпынай көпшіліктің сұранысына ие. Алайда кейбіреулер түрлі түсті шоколадпен көмкерілген тәтті жидектің тазаланып, жуылатынына күмән келтірді. Желіде танымал блогерлер жарнамалап, жаппай сатылып жатқан шоколадты құлпынайды сату қаншалықты заңды? Stan.kz тілшісінің бұл сұрағына санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әйгерім Нәбиқызы жауап берді.

Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстандағы агрономия индустриясының дамуына үлес қосып жүрген жас кәсіпкер, көпшілік арасында “құлпынай королі” деген атпен танымал Артур Ким өзінің сұхбатында “шоколадпен қапталған құлпынай жасамас бұрын жидек жуылмайды” деген мәлімдеме жасады. 

“Еліміздегі шоколадты құлпынай жасап, сату кәсібімен айналысатындардың басым көпшілігі өнімді жасамас бұрын құлпынайды жумайды. Өйткені бұл жатқан шығын. Кәсіпкерлер оларды жуу үшін құны 3 миллион теңге болатын арнайы машина сатып алу керек немесе құлпынайды жуатын адамдарды жалдап, оларға жалақы төлеу керек. Мен құлпынайдың жуылмайтынын білемін. Оның үстіне жидектің қай жерден келгенін, оны өсіру үшін қандай химикаттар қолданылғанын, егістіктің қалай өңделгенін, оларды кім жинағанын білмеймін. Біз бәсекелестеріміз өнімдеріне сынақ жасадық. Қазір менің қол астымда жұмыс істейтін продуктолог маман құлпынайлардың жуылмайтынын айтты. Ол бұған дейін шоколадты құлпынай жасайтын компанияда жұмыс істеген жіне ол жақтағы технологиялық процестерді біледі”, – дейді Артур Ким пікірінің негізсіз емес екенін дәлелдеп.

Осы ретте жеміс-жидектерді жуу керек пе, жоқ па деген сауалға маман ретінде фуд-флорист Татьяна Швабауэр жауап берді. Оның айтуынша, көпшілікті осы сұрақ мазалайтын көрінеді. 

“Өте орынды сауал. “Жуамыз, жумаймыз” деп кесіп айтуға болмайды, бұл дұрыс емес. Оның барлығы букетке жиналатын жеміс-жидектерге байланысты. Мысалы, құлпынай, таңқурай, қара бүлдірген, көкжидек сияқты жеміс-жидектерден букет жасайтын болсақ оларды жумаймыз. Өйткені жуылған жидектер тез бұзылып, жарамсыз болып қалады. Ал егер шоколадты құлпынай жасайтын болсақ құлпынайды мұқият жуып, кептіріп барып ғана шоколадпен көмкереміз”, – дейді Татьяна Швабауэр.

Әлеуметтік желіде азық-түлік өнімдерінің бей-берекет сатылатынын байқау қиын емес. Осы тұста “Өнімдердің тазалығына кім кепіл? Ол қаншалықты заңды?” деген сауалдың туыы заңдылық. Оған жауап алу үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әйгерім Нәбиқызы “үй" жағдайында дайындалған азық-түлік өнімдерін сату заңға қайшы екенін айтты.

“Үй” жағдайында жасалған, оның ішінде шоколадпен қапталған құлпынай өнімдерін сатуға заңнамалық деңгейде тыйым салынады. Үйде дайындалған өнімдер, мысалы, шоколадпен қапталған құлпынай және басқа да тауарлар міндетті сәйкестік бағасынан өтуге жатпайды. Бұл айналымға шығаруға арналмаған, бірақ жеке қажеттіліктерге арналған барлық өнімдерге қатысты. Рұқсатсыз және бұл үшін белгіленбеген жерлерде сауда стихиялық сауда болып саналады және ішкі істер органдарының құзыретіне жатады”, – дейді Әйгерім Нәбиқызы.

Ол ӘҚБК-тің 204-бабы 1-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган белгілеген орындардан тыс сауда жасаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты.

@tsay.dm

Бизнес подкаст «Точка Роста»

♬ Artificial Intelligence - Melodality
Талқылау