Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрсынбек Қабатов: Менің күртемді астымызға төсеп, Мөлдірдікін жамылған күндеріміз болды

Танымал әзілқой Тұрсынбек Қабатов алғаш рет жастық шағындағы құпиясын бөлісті. Ол қазіргі келіншегі Мөлдірмен жүріп жүрген кезде одан айырылып қаламын деп қорыққан екен. Сол себепті, оны оқуын аяқтатпай алып қашқан-ды.

14723575_596123043908920_4503083041589035008_n

Фото: instagram.com/moldir.mt/

Бұл туралы “Жұлдыздар отбасы” журналында жазылды.

— Сіздің сүп-сүйкімді жарыңыз бар. «Ауылдан келгенде небір қиындықты көрдім, қап-қара болғам» дейсіз. Жарыңызды өзіңізге қалай қараттыңыз?

– Жалпы, мен кез келген нәрсені әріден қарап жоспарлап отырамын. Мысалы, театр­ды ашар алдында үш жылға ­жоспар құрып тастағам. Қалай болатыны, не болатыны – бәрін жоспарлап қойғанмын. Қазір сол жоспармен келе жатырмыз. Сол сияқты Астанаға келген соң жарымды осы жақтан табайын деп ойладым. Университетке түскен жылы студенттікке қабылдау салтанатында сахнадағы оркестрде домбыра тартып отырған бір қызды көрдім.

– Әдемі қыз көзге түсті, жүрек дір етті дейсіз ғой?

– Әдемі болған соң көзге түседі ғой енді. «Мынау сенікі» деп жүрек те сигнал береді екен (күлді).

– Бұған дейін ондай жағдай болмаған ба еді?

– Әдемі қызға қарайсың, бірақ сигнал болмайтын. Ал мына қыз жатсам-тұрсам көңілімде жүрді де қойды. Басында ол қарамады. Қап-қара жігіт кімге керек?! Жарты жылдан кейін шын жақсы көретініме көзі жете бастады-ау деймін. Кафеге шақырсам келетін болды. Жалпы, мінезі қатты қыз емес, дегенмен мен келгенде жымиятын. Жанындағы құрбылары мұны қайтесің дейтін. Жарты жылдан кейін ол жібіп, бірге жүре бастадық. «Бұл қыз оқу бітірсе маған қарамай кетеді-ау» деп ойладым да, үйленейік деп мазасын ала бастадым. Ол оқуымды бітірейін дейді. Ал мен оқуын бітірген соң қыздан айырылып қалатынымды білдім. Содан 3-курстың каникулында ауылынан алып қашып, Астанадағы кішкентай жатақханаға түсірдім.

– Ол бар жердің қызы ма?

– Иә, бар жердің қызы. Ондайды көрмеген, аздап «шок» болды. Шешесі ертерек қайтыс болған. Ал әкесіне риза болғаным, сен анаусың-мынаусың деген жоқ. Керісінше, Мөлдірге (әйеліме): «Ер адам кешкі тамақ ішпесе де болады, ал таңғы тамағын ішіп шықсын», – деп отыратын. Бастапқыда менің курткамды астымызға төсеп, оныкін жамылып жататынбыз. Пластмасса ыдыстармен тамақ іштік. Ал ең бірінші алған жиһазымыз электр плиткасы еді. Сөйтіп-сөйтіп, үй болдық қой.

– Қазір қанша көлік, қанша үйіңіз бар?

– Кеудемді қағып, мынанша көлік, мынанша пәтерім бар дей алмаймын. Астана қаласының әкімдігі берген пәтерде тұрамын. Жеке көлігім бар. Үш баламның екеуі балабақшаға, біреуі мектепке барады.

– Үш қызыңыз бар екен, жұмаққа баратын болдыңыз ғой?

– Енді оны бір Алла біледі. Бәрі солай қалжыңдап жатады. Менің ойым – сол қыздарды дүниеге әкеліп қана қоймай, жақсы тәрбие беріп, аман-есен ұзатып жіберу.

– Үйде сізді әзілдемей өзімен-өзі жүреді деп естідім...

– Енді үйде сахнадағыдай әзілдеп жүре алмайсың ғой.

– Өмірде тұйықсыз ба сонда?

– Тұйықпын. Оған былай қарайық. Әр адамның жұмысы бар. Мысалы, сіз үйіңізге барғанда отырып алып ешкімді сұрақтың астына алмайсыз ғой. Сол секілді мен де үйде өзіммен-өзіммін.


Жіберіп алмаңыз:

Мөлдір Қабатова: Тұрсынбек тереземнің алдында үнді әндерін айтып, би билейтін

91 тобының қарағандылық тыңдармандары концертте топқа ән айтуға мүмкіндік бермеді (видео)

Луина: Мен ашық-шашық киіммен әдейі суретке түсемін

Ринат Зайытов: Ақынды төрт дөңгелекті темірмен өлшейтін дәрежеге жеттік

Талқылау