Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында банк менеджері клиенттерінің атына несие рәсімдеп, ақшасын өзі алып келген

Түркістан облысында банк менеджері 50-ге жуық клиенттің атына несие рәсімдеп, ақшасын өзі алып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынған

Оқиға Қазығұрт ауданындағы екінші деңгейлі банктердің бірінің бөлімшесінде болған.

Жарты жыл ішінде Ғалымжан Бақберді есімді менеджер зейнетақы мен жалақы алу үшін карта ашып беруді өтінген жұрттың сыртынан 200 мың мен бір жарым миллион теңге аралығында несие картасын ашып, оны өзі жаратып отырған. Кейін банктен өз еркімен шығып кеткен ол тергеуде алаяқтыққа барғанын мойындаған. Соған қарамастан қомақты қарыз арқалағандар несиені өздері төлеуге мәжбүр.

Жалақы мен зейнетақы алу үшін банк картасын аштыруға келген жұрттың атынан банк менеджері қосымша несие картасын рәсімдеген. Ондағы қаржыны өзі жұмсап, жұрттың есебінен шалқып өмір сүріпті. Атына несие рәсімделгенін тұрғындар айлық пен зейнетақыны аз ала бастағанда ғана бірақ білген.

“300-300-ден 900 мың теңге алған, үш рет алған. Сөйтіп кейінгісі зейнетақыдан ұстала берген ғой. Сонымен бір миллион болды. Қарызым 18 мың теңгеден келіп жатыр, менің телефонымда да бар, 30 мыңы тағы бар. Кейінгісінде 70 мың теңгені бір-ақ ұстады. Сонымен 100 мың теңгеге бір-ақ жеттік”, – дейді зейнеткер Махамбет Бертаев.

Банкте жеті жыл жұмыс істеген менеджер Ғалымжан Бақберді жымысқы әрекетін 2022 жылдың қазан айында бастапты. Бірақ көп ұзамай өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Бірақ осы бес ай ішінде 47 клиенттің сыртынан 200 мың мен бір жарым миллион теңге аралығында несие картасын рәсімдеп, ақшасын өзі пайдаланған.

Менджердің қылмысы әшкере болған соң қылмыстық іс қозғалған. Тергеу кезінде Ғалымжан Бақберді кінәсін толық мойындап, қазір іс сотта қаралып жатыр.

“Келтірілген шығын халықтан өндірілетінін айтып отыр. Заңның талабына сәйкес, бүкіл банк қызметкерлерінің іс-әрекеті бойынша банк жауапты болуға тиіс. Бұл заңсыз деп санаймыз. Өздерін жәбірленуші танудан бас тартып отыр”, – дейді заңгер Батырбек Арынтаев.

Ал банк басшылары заңсыз рәсімделген несие пайызы уақытша тоқтатылды дейді. Бірақ негізгі қарызды кімнің қайтаратыны әзірге белгісіз.

“Сотқа өтті, сот шешімін біз де күтіп отырмыз. Қазір соттың шешіміне қалай қабылдайды, кімді жәбірленуші ретінде, кімді айыпты ретінде таниды, содан кейін барып "Халық банк" жауап бере алады. Одан кейін барып біз жауап бере аламыз. Бізді қазір тіпті куәгер ретінде де шақырып жатқан жоқ”, – дейді "Халық Банк" АҚ Қазығұрт ауданы филиалының басқарма басшысы Мейірбек Лебаев. 

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте алаяқтық жасаған нотариус төрт жылға сотталғаны туралы жазған едік. 

Талқылау