Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқтар Төлешовтың бұрынғы коттеджінде өнер мектебі ашылды

Тоқтар Төлешов туралы «аңыз бен ақиқаттың» шаңы әлі басылған жоқ. Төлешовтер династиясының даңқы мен дақпырты бүгінде көптің көзінде, қала берді сөзінде. Бүгінгі нысанамыз экс-олигархтың хан сарайындай зәулім үйлерінің жәйі болып отыр. Мемлекет меншігіне алынған үйлердің бүгінгі күйі қалай?

Бұл туралы Отырар арнасы хабарлайды.

Төлешовтың Шымкенттегі 11 тұрғын үйі тәркіленген. Оның ішінде үшеуі комиссияның шешімімен білім бөліміне тапсырылған. Бекет батыр көшесіндегі үй тәркіленгенімен соттың шешімінің орындалуы біраз қиындық туындатқан. Өйткені иелері баспананы біраз уақытқа дейін босатпапты. Ақыр соңында соттың шешімімен шығарылған.

«Барлығы тәркіленгенімен құжаттары толық емес. Өйткені үйге жөндеу жүргізілген, үлкейтіп салынған, бірақ құжаттары рәсімделмеген. Барлық тәркіленген мүліктер бойынша құжаттарын түгендеп, рәсімдеп жатырмыз. Болғаннан кейін білім бөліміне тапсырамыз. Комиссия шешімімен ары қарайғы жұмыстар жалғасады. Бұл үйлерге бағалау жүргізіледі. Құжаттары рәсімделу үстінде. Ол үйлерде тұрған уақытында коммуналдық ақыларды төлемеген. Су да, жарық та, газ да жоқ. Қанша уақыт тұрғанымен ештеңеге төлемеген. Коммуналдық қызмет сол кісінің өзінен өндірілетін болады»,- деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлім басшысының орынбасары Гүлнар Әшірбаева.

Төлешовтың жұрттың таңдайын қақтырған Бекет батыр көшесіндегі үйі қазір қаңырап тұр. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің қол астына өткен. Оны арнайы қызметкер бөлініп күзетуде. Ал қаладағы элиталы аудан «Шапағаттағы» екі үйде қалалық балалар көркемсурет мектебінің ЮНЕСКО клубы орналасқан. Бүгінде мұнда 500 бала бейнелеу өнерінің қыр сырын үйренуде.

«Мұнда қаңтар айында келіп, орналастық. Үйдегі бөлмелер кішкентай болғанымен, балалар үшін ыңғайластырып алдық. Тұрғын жай бізге берілген кезде жөндеуді қажет ететін. Қалалық білім бөлімі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Балалар сабақтарын жалғастыруда. Бұл аумақта бұрын өнер мектебі болмаған. Алғашқысы болып біздің мектеп ашылды. Тұрғындар дән риза. Күнде келіп, балаларын үйірмелерге жаздырып жатыр. Қалай сыйғызамыз деп отырмыз»,- деді Шымкент қалалық балалар көркемсурет мектебінің директоры Оразова Тояш.

Осылайша көпке көлеңкесі түспеген бай манаптың үйі мемлекет меншігіне өткеннен кейін ғана балаларға шапағаты тиіп отыр. Ал Бекет батыр көшесіндегі зәулім үйдің тағдыры әлі шешілген жоқ. Ең бастысы алдағы уақытта тиімді пайдаланылатыны сөзсіз. Өйткені қаламызда кісі есігін жағалап жүрген мемлекеттік мекемелер жетіп артылады.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақстандықтар ең жоғарғы зейнетақыға қалай қол жеткізе алады 

“Абу-Даби Плазадағы” даудың неден шыққаны белгілі болды 

Алматылық жігіт жол ақысын төлемей, такси жүргізушісіне оқ жаудырды 

 

Талқылау