Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талақ айту шарттары: Ерлі-зайыптылар қандай жағдайда ажыраса алады

Кезінде елімізде екі әйел алуды заңдастыру туралы мәселе көтерілгенде, көпшілігі қолдамаған еді. Бүгінде өздерін дін ұстанатын азаматтар қатарына жатқызатындар арасында заңсыз-ақ көп әйел алушылық жиі кездесуде. Олар бұған исламның рұқсат ететінін алға тартады. Алайда соңғы уақытта діни ортада әйелдер арасында күйеуінен "талақсың" деген бір-ақ ауыз сөз естіп, тағдыры тәлкекке ұшырап жатқандар көбеюде. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасындағылар ерлі-зайыптылардың қандай жағдайларда ғана ажыраса алатынын түсіндірді, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі ҚМДБ-ға сілтеме жасап.

Талақ айту шарттары: Ерлі-зайыптылар қандай жағдайда ажыраса алады

ҚМДБ қазіргі уақытта мешітте неке қию үшін әйел затының ата-анасының рұқсаты және АХАЖ бөлімінің неке куәлігі керек екенін айтады. Десе де дәл қазіргі жағдайда талақ айтып, тез үйленіп ажырасу үрдісінің теріс бағыттағы діни ортада өршіп тұрғаны мәлім. Бұл орайда дін мамандары аталған келеңсіздікке дінді кінәлауға болмайды дейді.

"Кінә кімде? Дінде ме, діндарда ма? Әрине, бұл тұста кінәні дінге аудару орынсыз. Себебі, көп әйел алушылыққа алғаш жол ашқан да ислам діні емес. Керісінше ислам ер кісілерге алатын әйелдің санын төртеуге дейін шектеген. Одан бұрын ер кісілер жиырма-отыз әйел алса да ерікті болғандығы тарихтан белгілі. Ал, ислам адамның өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларын есепке алған. Мәселен, алғашқы әйелі бедеу болып шығуы мүмкін. Тіпті еш себеп болмаса да төрт әйел алуға ер кісіге рұқсат береді. Бұл жерде рұқсат сөзіне ерекше мән берген жөн. Қазіргі дін жолындағы азаматтар осы рұқсатты өздеріне міндетті парыздай көріп әрі өзгелерге де дәл солай насихаттауда. Ислам діні мүмкін болса бір әйелмен бақыт табуға кеңес береді. Ал өзге әйелдерге тек рұқсат шеңберінде мүмкіндік берген. Ол қасиетті Құран аятында ашық көрсетілген", - дейді ҚМДБ-дағылар. 

Діни басқармадағылар исламның  ажырасуға рұқсат бергенін айтады. Дегенмен «Талақ – Алла Тағала жек көре отырып рұқсат еткен іс» деген қағидатты белгілеп, оның талаптарын ауырлатқан, дейді.

Дін мамандары түсіндіргендей, ислам бойынша ерлі-зайыптыларда ажырасу мына жағдайлармен байланысты:

1. Ауру немесе үзір жағдайы. Яғни үйленгенге дейін, не кейіннен пайда болған, бірге өмір сүруді қатты қиындатқан қандай да бір үзір не ауру себепті әйелдің ажырасуға құқы бар.

2. Күйеуі асырай алмағанда. Әйелдің ішіп жеу, киіну және басқа да шығындары күйеуіне тән. Күйеуінің жағдайы бола тұра жұбайына көңіл бөлмесе, оны аш, нашар жағдайда қалдыратын болса, әйел алдымен күйеуінен нәпақа алуға тырысады. Ол мүмкін болмаған жағдайда ажырасуға құқылы болады. Күйеуі кедей болса, әйелі оған опа танытып, одан ажырамағаны дұрыс.

3. Күйеуі үйін тастап кетсе немесе жоғалып кетсе. Күйеуінің үйді тастап кетуі немесе тірі не өлі екені жайында еш хабар болмаған кезде төрт жыл күтіп, содан кейін әйел ажырасуды талап ете алады. Ислам ғалымдары күйеуі түрмеге түсіп не жау қолына тұтқынға түсу жағдайына қарай түрлі көзқарас білдірген.

4. Бірге тұра алмағанда не әйеліне қатты жәбір көрсеткенде.

5. Зинаға барған жағдайында.

Сонымен қатар дін мамандары ерлі-зайыптыларға ажырасуға сылтау іздемеу керек дейді. Оны "Күйеуінен орынсыз ажырасуды талап ететін әйелдер жұмақтың иісін сезбейді" деген хадистен аңғаруға болады екен. 


Тағы оқыңыз: Дін бойынша некені бұзу оңай ма? Мүфтият талаққа қатысты пікірін білдірді


Дін мамандарының сөзінше, талақ тұрғысында әзілдеуге болмайды. Яғни ер адам әйеліне "талақ" сөзін әзілдеп айтпауы тиіс. Ал әйеліне үш рет талақ берген ер адам онымен қайта қосыла алмайды, дейді.

"Шариғат бойынша әйелін үш рет талақ еткен ер адам жұбайымен қайта қосыла алмайды. Қайта үйлену үшін әйел басқа бір еркекпен тұрмыс құрып, одан талақпен ажырап, етеккір мерзімінің бітуін күтуі тиіс. Міне, сонда ғана бірінші күйеуі ол әйелді жаңа мәһрмен жаңа неке арқылы өзіне ала алады", - дейді діни басқармадағылар. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы талақты ең соңғы шешімдердің бірі ретінде қарастыруға кеңес береді. Имам түсіндіргендей, ислам діні бойынша талақты қайтарып алудың үш жолы бар:

"Бірінші: "Қайтарып алу талағы". Мұндай жағдайда ері әйелін өзінің қарамағына үш етеккірі келмей жатып қайтарып алады.

Екінші: "Кіші айқын талағы". Бұл әйеліне бір немесе екі талақ беріп үш етеккірі мерзімінде қайтара алмаған кезде болады. Мұндай жағдайда ері әйелін қарамағына қайтару үшін әйелдің разылығына, рұқсатына тоқталады және жаңадан неке қиылып мәһір сыйы тағайындалады. (Мәһір сыйлығы күйеужігіттің үйленетін қалыңдығына беретін жеке сыйы — ред. )

Үшінші: "Үлкен айқын талағы". Бұл әйеліне үшінші талақты берумен болады. Мұндай жағдайда әйел ерінің қол астынан толығымен шығып бөгде адамға айналады.  Бірақ сол әйеліне қайта үйлену мәңгілікке харам болып қалмайды. Тек қана әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып, ол екінші күйеуі өз еркімен ажыратқан жағдайда немесе қайтыс болып әйелдің идда (күтетін) мерзімі аяқталса, сол кезде ғана жаңадан неке қиып өз қарамағына қайтарып алады".

Дін мамандары ерлі-зайыптылар отбасыны ұстап тұратын олардың бір-біріне деген сыйластығы екенін айтады. Сол себепті ерлі- зайыптылар бір-бірімен тіл табысып, жарасымды тіршілік етуі керек. Діни басқармадағылар ер азаматтарға жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болуы керектігі қасиетті Құранда жазылғанын ескертті.

"Құранның "Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін" (Ниса сүресі 19-аят) дегені, хадистегі "Сіздердің ең қайырлыларыңыз – жұбайына жақсы қарағандарыңыз" деген сөздер ерлі-зайыптыларды бір-біріне түсіністікпен қарап, сыйластықпен, кешіріммен өмір сүруге шақыруда", - дейді дін мамандары.

Жіберіп алмаңыз:

Ай туғанда тілек тілеген дұрыс па

Шариғат бойынша зират қасынан өткенде бет сипау дұрыс па

Қазақтың салт-дәстүрлері Ислам дініне қайшы ма

Шариғатта бала кезінде атастырылып қойған екі жастың үйленуі міндетті ме

Талқылау
Пікір
Esen
23 Қар, 21 жыл - 00:02

Ассалламуагалейкум менің  бір досым бар еді әйеліне талақ айтып ажырасып кетіпті қайта қосылу үшін не істеу керек үш талақ айтып тастаған 4 балалары бар