Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркіменстанда азық-түлік тапшылығы тағы қайталанып, ұн бағасының өзі екі есе өскен

Түркіменстанда ұн мен жұмыртқа тәрізді негізгі азық-түлік тауарларының тапшылығы екінші жыл қатарынан байқалып отыр. Тәуелсіздік алғанына 26 жыл болған мемлекет аса ауыр экономикалық дағдарысқа тап болғалы екінші жылдан асты. Азық-түлік тапшылығына қоса елде жұмыссыздардың көбейгені туралы дерек бар.

Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлайды.

Бес миллионға жуық тұрғыны бар Түркіменстан табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орын алады. Түркіменстанның алғашқы президенті Сапармұрат Ниязов 1991 жылы ел тәуелсіздік алған кезде “екінші Кувейт боламыз, тұрғындардың бәрі Мерседеспен жүретін болады” деп мәлімдеген. Бірақ қыс тақағанда негізгі азық-түлік өнімдерінің тапшылығы осымен екі жыл қатарынан сезіліп отыр. Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлық) желтоқсанның 12-сі (1995 жылы БҰҰ ресми түрде Түркіменстанды бейтарап мемлекет деп таныған күн) қарсаңында тұрғындармен сөйлесті. Олар елдегі жағдайды екінші Кувейт болуға әлі ерте деп сипаттады. Түркіменстан билігі “Азат Еуропа / Азаттық” радиосына қырын қарайтыны және оған сұхбат бергендерді қудалайтыны себепті, Азаттықпен сөйлескен адамдардың аты-жөнін жарияламаймыз.

Азатлық сұхбаттастарының бірінің айтуынша, салмағы 450-500 грамм тартатын, ең арзан шөректің (дөңгелек нан) бағасы солтүстіктегі Дашогуз облысында бұрын бір манат (0,28 доллар) болса, желтоқсанның басынан бері 1,40 манатқа көтерілген. Азатлықтың ақпараты бойынша, елдің батысындағы Балқан облысында әлгіндей нан қазір 1,5 манат тұрады. Оңтүстіктегі Мары облысында да осындай жағдай.

Жергілікті әйелдің сөзінше, ел астанасы Ашғабаттағы мемлекеттік дүкенде тауық сирағының килограмы 8 манат тұрады, бірақ бір адамға бір келіден артық бермейді. Әлгіндей сирақты жеке меншік дүкеннен қалауыңша алуға болады, бірақ бір келісі 10 манаттан сатылады. Ашғабатта жұмыртқа да қат тауарға айналғаны туралы хабарланды.

Тағы бір адамның айтуынша, ел астанасындағы сапалы ұннан пісірілген нан бағасы желтоқсанның басында екі манат тұрса, Бейтараптық күні қарсаңында 3,5 манатқа дейін қымбаттаған.

Бұған дейін Азатлық Мары мен оңтүстіктегі Ахал облыстарында қарашаның соңында ұн тапшылығы сезіліп әрі қымбаттап жатқаны туралы хабарлаған еді. 50 келі тартатын қаптағы жоғары сұрыпты ұнның бағасы 50 манаттан 100 манатқа дейін өскен, бірінші сұрыпты ұнның қабы 44 манаттан 90 манатқа көтерілген. Ұнның бағасы күрт қымбаттағаннан кейін жұрт жаппай қор жасауға ұмтылып, салдарынан тапшылық пайда болғанға ұқсайды. Тіпті, желтоқсанның 1-іне қарай бүкіл елде ұн тапшылығы байқалды, соның кесірінен нан бағасы да өсті.

Әзірше жағдай бір жыл бұрынғы күйге жеткен жоқ. 2016 жылғы желтоқсанда тұрғындар жергілікті дүкенге қант немесе өсімдік майы түскенінен хабардар болу үшін күнібұрын тізімге тіркеліп қоятын. Былтыр желтоқсандағы азық-түлік проблемасы да ұнның тапшылығынан басталған болатын.

Оқи отырыңыз:

Әйгілі футболшы балаларының көзінше әйелін өлтірмек болды

«Ангар маньягы» атанған қанішер 84 адамды өлтірген

Ресейде қызғаншақ күйеуі әйелінің қолын шауып тастады

Америкалық әйел бір мезетте 6 баланы дүниеге әкелді (видео)

Талқылау