Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқынына қарамастан министр той өткізген: Министрлік желіде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстанның бірнеше өңірін жайлаған су тасқынына қарамастан су ресурстары және ирригация министрі той өткізгені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Ulysmedia.kz басылымының мәліметінше, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің өткен демалыс күндері келін алып, той жасаған. 

"Ұлын үйлендірді. Той 26 сәуірге жоспарланған. Ал осы демалыс күні келінін үйіне алып келді", – делінген дереккөз ұсынған ақпаратта.

БАҚ пен желіде тараған ақпаратқа қатысты су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеме жасады. 

“Су ресурстары және ирригация министрі су тасқыны кезінде ешқандай мерекелік іс-шараға қатысқан жоқ. Сәуір айының соңына жоспарланған мерекелік іс-шара жоқ. Министр су тасқыны болып жатқан аймақтарда немесе жұмыс орнында болды. Су тасқыны кезінде ол Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына екі мәрте, сондай-ақ вегетациялық маусымға дайындық үшін Шымкент қаласына барды. Қазір ол Батыс Қазақстан облысында жүр. Өткен демалыс күндері ол жұмыс орнында болды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, наурыз айының соңында министр Нұржан Нұржігітовке су тасқынына байланысты қатаң сөгіс жарияланған еді.

Талқылау