Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соғыс кезіндегі ғашықтар 72 жылдан соң жүздескелі отыр

Американың Вирджиния штатында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Норвуд Томас «Валентина күнін» бұдан 72 жылға жуық уақыт бұрын ажырасып қалған ғашығы Джойс Морриспен Австралия жерінде қарсы алғалы отыр.

22-01-16-tomas

Бұл туралы egemen.kz газеті  хабарлады.

Бұрынғы майдангердің бұл кездесуіне керекті қаржыны краудфандинг сервис орталығы жинастырып берген.

Соғыс солдаты үшін жұрттан ақша жинау 2015 жылғы қарашада басталып кетіпті. Осылайша екі құрлықты мекен ететін екі қарияның қайта ұшырасуын ұйымдастыру мақсатында 7 мың доллардан қаражат жиналыпты. Енді осы ақшаға Томас ақпан айында Австралияға сапар шекпекші. Ал Air New Zealand авиакомпаниясы оны «жасыл континентке» тегін алып барып-қайтпақшы болып отыр.

Осы кездесуге негіз болған оқиға былтырғы 12 қараша күні өтіпті. Сол күні екі бұрынғы ғашық бір-бірімен алғаш рет Skype арқылы сөйлесіпті. Бұған соғыстан кейін Австралияға келіп, тұрақтап қалған Морристің бұдан бірнеше жыл бұрын парашютпен секірген қарияның қазір интернетті де еркін меңгеріп алғаны туралы жаңалықты көруі себеп болыпты. Экранға қарап отырған кейуана ондағы кейіпкердің өзінің баяғы жігіті екеніне еш күмән келтірмейді. Сосын оны ескі суреттермен салыстырып шыққан ол ұлына осы адамды тауып беруді тапсырады. Сөйтіп, бірнеше күннен кейін 93-тегі Томас пен 88-дегі Моррис соғыстан кейін бірінші рет Skype арқылы сөйлесіп, бір-бірлерінің түрлерін көрген.

21-дегі Норвуд Томас пен 17-дегі Джойс Моррис 1944 жылдың көктемінде Лондонда танысады. Олар мұнда бірнеше айды бірге өткізеді. Алайда, кейін әскери басшылық Норвудты Францияға жібереді. Ол соғыс біткесін, сол жақтан Құрама Штаттарға оралады. Жастар содан кейін де біраз уақыт хат-хабар алысып тұрады. Соңында Норвуд Джойсқа Америкаға келіп, өзіне тұрмысқа шығуды ұсынады. Бірақ қыз медбике оқуын оқи бастағанын айтып, бұдан бас тартады.

«Сол кезде мен өзімнің оны одан гөрі қаттырақ сүйетінімді түсіндім», – дейді қазір ардагер. Осыдан кейін бұл жұп бір-бірлерімен хабарласуды қойып кетеді. Ал 1996 жылы Англияда Джойс есімді медбикенің ұшақ апатында қаза тапқанын естігенде, Норвуд оның өзінің жігіт күніндегі сүйіктісі екеніне еш күмән келтіре алмайды.

Талқылау