Шымкенттік келін “сауатсыз” енелерден жас аналардың мазасын алмауды сұрады
Айнұр есімді жас келіншектің тұңғышын босанғанына 4 ай болды. Ол енесімен бірге тұрады. Келіншек жалпы алғанда енесімен тату екенін айтады.
Алайда, аяғы ауырлағаннан бастап, өзіне, сәбидің күтіміне байланысты араларында түсініспеушіліктер пайда бола бастаған. Көбіне, қазақтың түрлі сенім-нанымдары мен салт-дәстүр төңірегінде. Осы мәселеге келгенде көзқарастары екі түрлі ене мен келіннің әңгімесі жараспай қалады. Жас келін енесінің ғылыми дәлелденбеген ескі нанымдарға сүйеніп, өзіне көп тыйым салатынына қапалы.
«Барлығы жүктіліктен басталды. Енем балаға керек деп, ауыр майлы тамақты жемесіме қоймайтын болды. Менде алғаш қыжыл пайда болғанда, енем оны «баланың тырнағы, шашы өскеннен» деп айтатын. Ал дәрігерлер жүктілік кезіндегі асқазандағы қыжыл ауыр тамақтың әсерінен пайда болады деп түсіндіреді»,-дейді Айнұр.
Айнұр ана болуды алдын ала жоспарлаған. Ол үшін көптеген кітаптар оқып, мамандардың кеңесіне де жүгінгенін айтады. Тұрмысқа шықпай тұрып шетелде жоғары білім алған. Бала күнінен бір істі қолға алмас бұрын, зерттеп, зерделеп алуды әдетке айналдырған қыз енесінен де әр айтқан ақылына ғылыми дәлел сұрайтын көрінеді.
«Ай-күнім жақындағанда, декретке шықтым. Бос уақытым көбейген соң, тоқымамен айналысқым келді. Ал енем оған қарсы болды. Айтатыны, «бала іште өз жібіне (ішегіне) оралып қалуы мүмкін» Ал босанған соң, ол кісі шомылуыма қарсы болып, 10 күндей жүрдім өз-өзімнен жиіркеніп. Ол кездегі ахуалымды сөзбен жеткізу қиын. Шомылу кімге қалай кесірін тигізген екен деп түсінбей-ақ қойдым»,-дейді жас ана.
Айнұр нәрестелі болғаннан кейін , 40 күн бойы далаға шықпағанын айтады.
«Таза ауа барлық адамға қажет. Таза ауаға шықпаса, сау адамның өзі ауру болады. Енемнің бұл тыйымынан логика көріп тұрған жоқпын. Сосын алғашында маған «сүтің майлы болады» деп, барлық тамаққа қатарынан құйрық май қосып беретін . Ал қазір балам төрт айға толды, емізулі. Енді енем құйрық майды тамаққа қоспайды.
Сонда бала өскенде майлы сүттің қажеті жоқ па деп қалам. Жақында ғана ойлап тапқаны – менің сүтім шикі екен. Сол үшін ауыр тамақтарды қайта бере бастады. Ана сүтінің шикілігі табиғи нәрсе емес пе?! Кейбір аналар майлы тамақтың түр-түрін жесе де, балалары әлсіз, аурушаң келеді»,- дейді Айнұр.
Жас келін енесінің «Ырымы сондай, жаман болады» деген еш дәлелсіз тыйымдарынан мезі болғанын жасырмайды.
«Мен қазақтың әдет-ғұрпын, ырым-тыйымдарын құрметтеймін, ұстануға да қарсы емеспін, тек олардың ғылыми негізі болса. Алайда, түкке керегі жоқ мағынасыз наным-сенімдерді артта қалдыру керек деп ойлаймын.
Мен енемнен көп ырымдардың мағынасын сұрасам, өзі түсіндіре алмайды. Бұл бағзы заманда адамдардың білімі толық болмаған соң, ұстанған дүниелері ғой, түптеп келгенде. Ал біздің апаларымыз оларды әдетке салып, өзгелердің ұстанғанын қалайды. Алайда, өздері де астарын ұқпайды»,-деп ренжиді жас ана.
Келіншек баланың күтімінде де енесінің әрекетіне көңілі толмайтынын айтады.
«Баланың күтіміне келгенде, апамыз құндақтап тастағанды жақсы көреді. Жаялыққа орап, аяқ-қолын қысып, қымтап қояды. Олай істемесе, түсіндіруінше баланың аяғы қисық болып өседі екен. Ал қазақтан өзге құндақталмайтын елдің сәбилері қалай өседі екен? Олардың, керісінше, аяқтары түзу. Бізде қайта аяғы қисықтар көп.
Оған қоса, бала ұйықтағанда, аяқ-қолы қимылдайды. Енем оны «аяқ-қолы жыбырлап, ұйықтай алмай жатыр» деп түсінеді. Ал шындығында, ол күні бойы қабылдаған ақпарын қорытады. Яғни, күндізгі қимылдарын қайталайды. Қымталған бала қалай дамиды сонда? Оның үстіне, терлей береді. Суықтап қала ма деп алаңдаймын. Ал енем «барлық балалар терлейді» деп дес бермейді»,-дейді Айнұр.
Айнұр медициналық тұрғыдан жаңа туған сәбиді дереу бесікке бөлеу дұрыс еместігін алға тартады. Бұл жайлы оған перзентханада ескертілген екен. Бірақ бұл тұрғыда Айнұр ақ халаттылардың да білімі таяздығын айтып қалды.
«Перзентханадан шыққанда, бізге дәрігер бір айға дейін баланы бесікке бөлемеуге кеңес берді. Неге деп сұрадым. Бір қызығы, айтуын айтады, бірақ себебін өздері білмейді. «Қазір ондай заман өткен» екен. Кейін жақын құрбымнан есіттім себебін.
Баланы алғашқы екі айда бесікке салса, дисплазия(екі аяғының ұзындығы екі түрлі) болу қаупі бар екен. Соны естіп, енем не десе де, баламды бесікке жатқызуға үзілді-кесілді қарсы болдым. Сөйтіп, әне-міне деп, бір айға жеткіздім. Енем әзер шыдады»,-дейді Шымкент тұрғыны.
Өзі қазақы әдет-ғұрыпты ұстанатын, қарапайым шаңырақта өссе де, Айнұр бесікті қолданудың дұрыстығына күмәнданады.
«Асты тесік, түбегі пластик. Пластик арқылы балаға қалай да суық ұрады. Бесікке шүмек арқылы салу дұрыс емес. Қыз бала болған соң, сиіп қойса, жан-жағына жайылады. Сосын суықтамай, қайтсін? Осының бәрін енеме айттым. Ол кісі келіскендей болды, бірақ бесікке бәрібір жатқыздық. «Бесіктен бас тартпаймыз» деп қатайып тұрып алды.
Ақырында ортақ шешім таптық. Қазір бесікке де, кереуетке де жатады. Бесікке тек жөргекпен жатқызамыз. Кереуетке жатқанда, қызым аяқ-қолын жайып, рахаттанып ұйықтайды. Әрине, баланы тастай етіп, қымтап, бесікке байлап тастау үлкендерге ыңғайлы. Бірақ, ең алдымен, баланы ойлау керек қой.
Балам шыр етсе болды, енем оны тербетіп, ұйытатып тастайды. Сосын ол 4-5 сағат қатарынан тырп етпей жатады не тамақ жемей, не басқасын істемей. Үлкендер сонда бастарын қатырғысы келмейді ғой. Мүмкін, оның қарны ашқан шығар әлде бір жері ауырып тұрған шығар. 4-5 сағаттан соң тамақтандырсаң. Оның асқазаны ауырады. Өйткені тамақтану режимі бұзылады»,-дейді жас келін.
«Тағы маған ұнамайтыны, қазақтарда мынадай түсінік қалыптасқан: «мен баламды тудым, қарны тоқ, киімі бүтін, жұрттан кем болмаса болды» Ал ары қарай баланың ішкі дүниесі не болып жатыр, сана-сезімінде жұмысы жоқ. Тек баланың ғана емес, үлкендердің де. Әсіресе, баланың, мысалы, қызымның мен түсінем оның жылайтын себептері қарны ашты немесе ұйқысы келіп жатыр не жай ғана өзіне көңіл бөлгенімді қалайды.
Балаға мейірім керек. Ал оны аналар олай қабылдамайды. Арасында болып тұрады уақытында емізбейтін кездерім. Ондайда қызымнан кешірім сұраймын. Ал үлкендер түсінбейді ондайды. «Ол бар болғаны, бала ғой, не айтады дейсің» деп. Негізінде, сәби барлығын сезеді, біледі. Балаларға үлкендер сияқты қарау керек деп есептеймін. Кез келген адамға қария болсын ,бала болсын, орта жастағы кісі болсын көңіл керек.
Менің қызым жыласа, үлкендер «ой, қызың жылауық, көкбет» деп айтады. Жағдайы болмаса, әрине, ол жылайды. Қарны тоқ, жылы жатса, ұйқысы келгенде ұйықтап, бар жағдай жасалса, бала жыламайды ғой. Жағдай болмағандықтан жылайды. Ол өздігінен «мінезім осындай» деп жылай бермейді ғой. Ең бастысы, қызымыз аман, денсаулығы дұрыс .
«Біз кезінде өйткенбіз, бүйткенбіз» дейді үлкендер. Олар ұстанған нанымдарының астарын аңдап, байыбына бара бермеген, сұрастырмаған да. Ал біз сұрасақ, олардан жауап жоқ»,-дейді Айнұр.
Оқи отырыңыз:
Қарақат Әбілдина бесінші баласын өмірге әкелді
Жүрсін Ерман Асанәлі Әшімовпен байланысты өміріндегі қызық оқиғаларын айтып берді
Сәбит Абдыхалықов: Елдің қолына су құйып жүргеніміздің өзі үлкен мәртебе
Асанәлі Әшімов 80 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті (фото)