Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте мотоциклші полиция қызметкерлерінің өзін әдейі қағып кеткенін айтып айыптады (видео)

Шымкентте мотоциклшілер жол-патрульдік полиция қызметкерлерін мотоцикл тізгіндеген ер адамды әдейі қағып кетті деп айыптап отыр.

Шымкентте мотоциклші полиция қызметкерлерінің өзін әдейі қағып кеткенін айтып айыптады

Бұл туралы Otyrar басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Биылғы жылы қыркүйектің 17-сінен 18-не ауған түні Бәйдібек би даңғылында мотоциклші мен жол полициясының арнайы көлігінің қатысуымен жол апаты орын алды. Сол кезде полиция қызметкерлері өздерін көрген мотоциклші ізін суытпақ болғанын, алайда мотоциклді басқара алмай, өз көліктеріне соғылғанын айтқан еді.

Ал мотоциклші Рафаэль Галметовтің айтар нұсқасы басқа. Оның сөзінше, полицейлер өзін әдейі қаққан.

«Кенеттен бізге соқтығысты. Ол полиция көлігі болып шықты. Мотоциклде мен және бір қыз отырдық. Біз қозғала бастағанда, көлік бізді соқты», – дейді Рафаэль Галметов.

ЖКО салдарынан 18 жастағы Юлия зардап шеккен. Бойжеткеннің айтуынша, үстінде қорғайтын киім болмағанда, жарақат алар еді. Десе де оған дәрігерлерге жүгінуге тура келіпті.

«Мен оң жаққа құладым. Оң жақ қолым, жамбасым мен тобығымның ауырғаны ұзақ уақыт басылмады. Қатты зақымдандым. Әйтеуір еш жерім сынбады. Денем көгерген жоқ. Себебі мен арнайы киім құтқарып қалды», – дейді Юлия.

Ал өз нұсқасын айтқан полиция капитаны Үмбет Естемісов бәріне молтоциклшіні кінәлап отыр.

«Біз жолда ақырын келе жаттық. Мотоциклшіге жақындай бергенде, тоқтағымыз келді. Алайда бізді көрген мотоциклші қашып кетпек болды. Ал артында отырған жолаушы қыз мотоциклден секіре жөнелді. Артынша мотоциклді басқара алмаған жүргізуші бізге соғылды», – дейді Үмбет Естемісов.

Алайда желіде аталған оқиға түсіп қалған видео пайда болды. Онда оқиғаның қалай болғаны анық көрінеді.

Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер айтылады.

Ендігі аталған факті бойынша ІІД сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Өз кезегінде ведомстводағылар даулы видеоны да тексеруде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау