Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент бекіткен латын әліпбиі қандай болмақ?

Жарты жыл қызу талқыланған латын әліпбиіне қатысты мәселе мәресіне жақындағандай. Кеше мемлекет басшысы сөзден іске көшу керектігін айтты. Сөйтіп, қоластындағыларға тиісті жарлық жазыңдар деп міндет жүктеді. Соңғы жоба қосарланған әріптерден арылып, апострофтарға, яғни әріптің шекесін үтірмен түрткенге тоқтапты. Бұл туралы КТК хабарлайды.

Сәуірдегі елбасы мақаласынан басталып, алты айға созылған латын әліпбиіне көшу машахаты артта қалды. Осы аралықта әркім әрқалай нұсқа ұсынып, алғашқы болып көпшілікке диграфтар тәсілі таныстырылған. Даумен басталған қоғамдық талқылау, ду күлкімен тынды. Жұрт «ә» әрпі кездесетін сөздерді жазуда қиналамыз деп, «сәбіз» қалжыңы президент құлағына да жеткені есте. Осыдан кейін ғалымдар жаңа жоба ұсынды.

Кирилица қарпіндегі он әріп бірден келмеске кетті. Оның сегізін тіл мамандары бізге жат деп жойса, екі дыбыс енді бірдей таңбаланады. Х мен Һ, и, қысқа и деп бас қатырмаймыз енді. Бұған дейін әріптерді бір-біріне жапсырып таңбаланған қазақтың төл дыбыстарын шекесіндегі үтірлерінен танимыз.

Қоғамда кирилл әріптеріне бүйрегі бұратындар, негізінен орыс тілді аудитория, сәбізді қалай жазамыз деп тартынып жүргенде, Нигериядан Қазақстанға үш жыл бұрын келген Әбдікәрім, түк қиналмай қазақ тілін үйреніп алған.

Қонағымыз кириллден қиналмай оқыса да, жазуы қиын бопты. Онсыз да қазақша хаттарды латынмен жазып жүргем, енді тіпті жақсы болды деп қуанып отыр.

“Әліппе, мен оны латынша жаздым. Мысалы смс-тер жаздым, достарыма қазақ тілінде латынша жаздым. Мен үшін ең рахаты латынша. Бүкіл әлемде адамдар латынша сөйлейді”, – дейді Әбдікәрім Абдул Фати.

Елбасының ғалымдарға қойған талабы да сол. Қазақтың хатын күллі әлем жазбай танитындай болуы тиіс еді жаңа әліпбиде.

“Менің тұжырымдауымша барлығында консенсус бар. Ғалымдар, тіл мамандары, саясаткерлер, жастар, ассамблея, басқа халықтардың ой-пікірін білдік. Жалпы қоғамда қолдау бар. Солай ғой? Ал енді әрі қарай жүру үшін мен арнайы жарлыққа қол қойып, шығаруым керек. Жұмыс істейтін, енгізетін комиссияға жол ашуымыз керек”, – деді Назарбаев.

Тиісті жарлықты дайындау Президент әкімшілігіне жүктелді. Ол жарық көргенсін, Үкімет сөзден іске көшеді. 42 әріптің орнына енді 32 символ бар. Оның өзін, ағылшынға ден қойған қазақстандықтардың көбі біледі. Бірақ латын енді деп жазуды ешкім күштеп өзгертпейді. Кирилицамен қатар пайланылып, сатылап барып үстемдік құрмақ. Ал 2021 жылдан бастап алғашқы бүлдіршіндеріміз таза латын әріптерімен хат тани бастайды.

Жіберіп алмаңыз:

Алматыда айлық орнына азық-түлік алған жұмысшылар шу шығарды

Мұратхан Тоқмәди өлтірген банкир Ержан Тәтішев туралы бес дерек

Эксперимент: Күйеуім бар деп алдаған қыз балгердің өтірігін әшкере қылды (фото)

Сейсмологтар: Жаңа жылда Алматыда жер сілкінуі мүмкін

Талқылау