Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 220 салымшысы пәтер кілтіне ие болды

Петропавлда мемлекеттік  «Нұрлы жол»  бағдарламасы аясында салынған  еліміз бойынша тұңғыш көпқабатты үш үй Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына берілді. Бұл шараға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Басқарма төрағайымы Айжан Медеуова да келді.

жилс_0942

Айта кетерлігі,  Айжан  Тұрақбайқызы Петропавлға бір күн ерте келіп, банк салымшыларымен кездесу өткізген еді. Оның барысында тұрғындарға банктің алдағы  жылдардағы жоспары туралы айтып беріп, салымшыларды мазалап жүрген өзекті мәселелерге  қатысты тұшымды түсініктемелер берді. Сондай –ақ  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында берілетін пәтерлердің шарттарын да нақтылады.

жил_0929

Ал “Береке” ықшам ауданындағы жаңадан  салынған  көпқабатты үш үйдің  пәтер кілтін табыстау салтанатына  Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік  Сұлтанов пен  Петропалв қаласының әкімі Марат Тасмағамбетов те қатысты.

жилс_0974

Ерік Хамзаұлы өз сөзінде жиналған халықты алда келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, дәл осындай маңызды мереке қарсаңында баспаналы болып отырған жұрттың қуанышымен бөлісті. Аймақ басшысы бұған дейін, Өңірлерді дамытудың 2020 жылғы дейінгі Бағдарламасы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бойынша 17 үй салынып,  978 банк клиенті пәтер иесі атанғандығын тілге тиек етті.

жилс_1024

Ал  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшысының орынбасары Айжан Медеуова «құрылысы аяқталған үш үй  үлкен жобаның басы ғана.  Бұған қоса, Солтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы  аясында тағы 603 пәтерге арналған 7 үй салынуда»- деді.  Нысандар 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында пайдалануға берілмек. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына Ұлттық қордан жалпы саны 3,3 млрд. теңге бөлінген. Қолданысқа берілген барлық баспананың  жалпы аумағы 48,5 мың шаршы метрді құраған екен.  Өз сөзінде Айжан Медеуова 10 миллиард теңгесін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне сеніп тапсырған 24 мың облыс тұрғынына алғысын білдіріп,  олардың сенімдерін ақтауға тырысатындығын жеткізді.

Түрлі -түсті шарлармен безенділіріп, кірпіштен түзелген   үш үй бір аулада бой көтеріпті. Ауланың өзінде  балалар алаңқайы,  тротуарлар,  көлік тұратын жерлерге дейін қарастырылып, толығымен  жабдықталған. Гастелло көшесінде орналасқан бес қабатты 55 пәтерлік үйдің құрылысын «ПМК-5» Жауапкершілігі шектелуі  серіктестігі  салды. Оның директоры Қарыбай Шаяхиннің айтуынша , құрылыс жұмыстары тура бір жыл бұрын,  яғни 2015 жылдың желтоқсанында басталып, дер кезінде аяқталған.

Ал осы аулада бой көтерген тағы бір бес қабатты 75 пәтерлік үйдің де құрылысы  дәл сол сәтте  басталған. Бас мердігер «Основание» серіктестігінің директоры Сергей Тимофеев,  құрылыс барысында банк тарапынан еш қаржылық кедергі болмағандығын алға тартты. Нәтижесінде бұл үй де айналасы бір жылдың ішінде- ақ  салынып біткен.  Сонымен бірге 90 пәтерлік үйдің құрылысын жүргізіп жатқан  «Стройкомпания» серіктестігінің басшысы  Хайдар  Атажановтың айтуынша,  үйдің қазығы биыл қаңтарда ғана қағылған екен. Айналасы 11 айдың ішінде -ақ құрылыс жұмыстары толық аяқталған.

Кілттері табыстау салтанынан кейін облыс басшылығы су жаңа үш бөлмелі пәтердің иесі  атанып, қуанышы қойнына  симай жүрген Рауан Серікұлының  шаңырағында қонақта болды. Рауан Петропавлдағы №23 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Сол кезде бойдақ бола тұра, жас жігіт болашағын ойлап, осыдан бес жыл бұрын  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашыпты.  Сол жылы  әлеуметтік қызметкер ретінде қалалық әкімдіктің пәтер  кезегіне тұрған.  Жары  Қарлығашты  кездестіріп, жастар осыдан бірнеше жыл бұрын бас қосқан. «Қаншама қиындық болса да, ай сайын құрығанда 10 -15 мың теңгеге шотты толықтырып отырудан ерінбедім. Әрине,  қиын айлар да болды.  Кейде ақша жетпей  қалатын»,  дейді Рауан.

Ондай  кездерде жігітке оның Есіл ауданы Мектеп ауылында тұратын ата- анасы қол ұшын беретін. Әсіресе, Рауан  2012 жылдың жазын ерекше ілтипатпен  еске алады. Сол жылы  демалысқа шыққанда берілетін бар ақшасын  ұстап ауылға барғанда,  әкесі Серік бір сиырын сатып баласынаң  ақшасын еселеп жіберіпті. Қалаға оралған соң жігіт  бірден шотын  400 мың теңгеге толықтырған. «Сол күні  төбем көкке бір -ақ жетті, құдды аңсаған пәтерімді ертең алатындай тамаша күйде болдым» дейді жігіт.   Рауанның жұбайы Қарлығаш  мектепте есепші.  Енді міне, сол үнемшілдігінің  арқасында екі жас  үш бөлмелі пәтердің бақытты иелері атанды.

Жастардың баспанасындағы бөлмелер  ерекше кең. Екі жатын бөлмесі  мен   қонақүйдің  ауқымы,  тіпті 20-30 қонақ келсе де, қысылмай атқаруға жетеді екен.  Ал  асүйдің кеңдігіне, әсіресе Қарлығаш риза. Олардың қуаныштарымен бөлісуге келген ата-анасы да, қалаға келіп-кетіп жүргенде қонып қалатын үйдің барына мәз. «Бұрын той-томалаққа Петропавлға келгенде  туыстардың үйін жағалайтын едік, енді міне өз ұлымның баспанасында «өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп еркін жататын болдық», дейді Серік ақсақал.  Аумағы 85 шаршы метр үш бөлмелі пәтердің өзіндік құны 10 625 000 теңге екен. Әр шаршы метрінің құны 125 мың теңгеден. Рауан бес жыл бойы оның 3 миллион теңгесін  жинапты. Енді қалған соманы алдағы он екі жылда төлеп бітіруі тиіс. Келіншегі екеуінің айлығы аздау болғандықтан, оларға туысы кепіл болыпты. Бірақ ол тура он екі жылдан кейін зейнетке шығатындықтан,  банк олардың қалған 7 миллион теңгедей  қарызын  осы он екі жылға бөліп тастапты. Алдағы 8 жыл бойы жас отбасы  ай сайын  61 мың теңгеден, ал қалған 4 жылда 140 мың теңгеден төлейтін болады.  Әрине, бір қарағанда аз сома еместігін, мұғалімнің айлығының жетіспейтіндігін Рауан жақсы  түсінеді. Бірақ оның арқа сүйер ата-анасы бар. Ауылда мал ұстайтын олар да «баламызға несие төлеуге көмектесеміз» деп құлшынып отыр. «Тек біреудің босағасын сығаламай жүрсе болғаны» дейді Рауанның анасы.

Бұл күні  Петропавда Рауан мен Қарлығаш секілді 220 отбасы қоныс тойын тойлады. Оларды құттықтауға келген ағайын-туыстың бәрі де  Тұрғын үй құрылыс  жинақ банкінің игі ісіне мәз болып, «банк салымшысы болу керек екен ғой» деген  ой түйіп тарасты.

 

Талқылау