Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде суға құлап кеткен ана мен баланы құтқарып қалған батырлар оқиғаның мән-жайын баяндап берді

Қалалық өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Виталий Бақтыбаев пен электрші Ернар Қадылбеков ағымдағы жылдың 20 сәуірінде Ертіс өзеніне құлап кеткен сәби мен оның артынша баласын құтқармақшы болып суға секірген жас ананы құтқарып қалды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Өскеменде суға құлап кеткен ана мен баланы құтқарып қалған батырлар оқиғаның мән-жайын баяндап берді

Бұл оқиға барлық қазақстандық БАҚ-да жарияланды. Бүгінде  жасанды тыныс алу арқылы құтқарылған баланың жағдайы қалыпқа келтірілді. Бала сауығып келе жатыр. Ол қазір анасымен бірге Өскемендегі Ана мен бала орталығында реабилитациядан өтуде.

Сол күнгі тарихи оқиғада Ертіс өзеніне құлап кеткен ана мен баланы қалалық өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Виталий, электрші Ернар және оның серіктесі Айдын құтқарып қалған.

«Сол күні біздің «Экспертиза және аналитика» компаниямыздың командасы Ертіс жағалауындағы жарықтандыруды ауыстырумен айналысты. Бейтаныс әйел бізге жүгіріп келіп, Ертісті нұсқап көмек сұрады. Біз судағы әйелді және су астында батып бара жатқан күртешедегі баланы көрдік. Бала 3-4 метр тереңдікте су астында болды. Мен бірден олардың артынан сүңгідім. Сол сәтте су астында 5 минуттан аса уақыт болған бала тұншығып қалыпты. Оны су астынан шығарып, бірден Айдынға лақтырдым да, мені төменге тартып бара жатқан ағынмен күрестім. Сол кезде әйелді құтқару үшін тағы бір адамның суға секіргенін көріп қалдым. Ақыр соңында, темір парапетін ұстап судан шықтым. Бірден балаға жүгіріп, жасанды тыныс бере  бастадым. Баланың жанында адамдардың жиналып тұрғаны есімде, әйтеуір бір қыз, тағы әскери қызметкерлер болды. Жансыз жатқан баланың киімін шешіп, жасанды тыныс бере бастадым. Оның қанша уақытқа созылғанын есімде жоқ. Сол уақытта жаныма баланың анасы келіп, ұлын аман алып қалуды өтінді. Әйтеуір, бала қозғалып, қимылдады», – дейді Ернар.

Ерлік жасаған азамат жасанды тыныстандыруды фильмдерден және әскерге барғанның арқасында үйренген екен. Қараша айында ғана әскерден оралған батырымыз Жанғыздағы Ұлттық Гвардияда қызметте болыпты. Ернар алғашқы көмек көрсетуді әскерде үйретті дейді.

Ал баланың анасын құтқарып қалған екінші батырымыз – Виталий Бақтыбаев  маусым айында 45 жасқа толып, зейнетке шығады екен. Бүгінде Виталий қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының өрт сөндіру қызметінің бастығы Ақылбек Мұқаевтың жүргізушісі болып табылады.

Айта кету керек, өрт сөндіру қызметінде жүрген жүргізуші осымен екінші рет адам өміріне араша болды. Бір жыл бұрын 27 сәуірде Виталий көпірден секіріп кеткен өскемендік жас әйелді құтқарып қалған болатын.

Ал жолдасымен бірге құтқару ісіне қатысқан Ернар Қадылбековтың әріптесі Айдын Төртбай әлі әскерде болмағанын айтты. Ернар сияқты суда жақсы жүзе алмаймын деген жігіт, әріптесінің әрекетін үлгі тұтады екен.

Оқи отырыңыз:

Сағадиев медициналық университеттен қуылған 117 студент жайлы пікір білдірді

Білім министрлігінің басшысы ең қажетті мамандықтарды атады

2018 жылы Қазақстандағы жоғары білім қалай өзгереді

Талқылау