Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оразада да ақша керек: Отандық жұлдыздар қасиетті айда ішімдік қойылған тойлардан бас тартпайтын болып шықты

Рамазан айында ішімдік тұрған той-томалаққа барасыз ба? Бұл сұрақ отандық шоу-бизнес өкілдеріне жолданған еді. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жүргізген арнайы сауалнамада әншілердің басым бөлігі тапсырыс түссе, ашы су қойылған салтанатты шаралардан бас тартпайтын болып шықты.

Оразада да ақша керек: Отандық жұлдыздар қасиетті айда ішімдік қойылған тойлардан бас тартпайтын болып шықты

«Жұмыс жалғасады, әрине. Өйткені біздер де халал тойлар бар. Ішімдіксіз тойлар бар, жиындар бар. Көптеген концерттер бар. Ішімдік болған жерге де барамыз. Ішімдік бар деп, біреумен кездесуден бас тартудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Ең бастысы тазалық жүрек пен санада. Сондықтан да жұмыс ешқашан тоқтамайды. Менің ойымша әрбір өнер адамы демалысты қай кезде қойғысы келсе өзі біледі. Міндетті түрде ораза айында ғана емес», – дейді Дастан Оразбеков.

«Алланың берген несібесі ғой. Шақырған тойға бара береміз. Аузым берік. Үйдегілердің барлығының аузы берік. Біреулер сыйлап, тойына шақырып тұрса, неге бармасқа? Оразада жұмыс жалғасып жатыр», – дейді Нұрлан Еспанов.

Рамазан айында мұндай әрекетке барған әріптестерінің қылығын Сиви Махмуди сынап тастады. Әнші ішімдік қойылатын кештерден бас тартады екен. Бірақ, ақ таңертеңнен кешке дейін аузы берік бикеш үшін шоу-бизнестегі күйбең тірлік, уақыт өткізудің тиімді жолы.

«Өзім ораза тұттым. Қазір ораза болса да, қиналсақ та жүрміз. Уақыт өткізу ғой. Жұмыссыз өткізсең, өте ауыр өтеді. Ал жұмыс істеп жүрсең, білінбей, тез өтіп кетеді. Бірақ ішімдік бар болған жерге бармаймын. Мен оған қатты қараймын. Өйткені, әулетімізбен ораза ұстаймыз. Жақында Луина туған күніне шақырды. Қатты сыйлаймын, жақсы көремін. Бірақ бармадым. Ол жерде ішімдік болады. Түнгі клубта белгілі ғой. Ораза айында ішімдік тұрған жерге бару дұрыс емес деп ойлаймын», – дейді Сиви Махмуди.

Махмудидің пікірімен Бағлан Әбдірайымов келіспейді. Айлардың сұлтанында «Жігіттер» тобы да тойларға шығады. Шақырту түссе, арақ-шарап тұрған дастарханда да өнер көрсете береді екен. Сондықтан әншілер қауымын сынға алған Сивиге квартет мүшесінің жауабы мынадай.

«Егер азық-түлігің жетіп жатса, төрт құбылаң тең болып тұрса, үйде ауыз бекітіп, өзіңнің шаңырағыңда болғанға не жетсін. Жасыратын ештеңесі жоқ қой. Қаражат керек. Сен қимылдамасаң, кім қимылдайды? Жанұяңда қаншама кісілер бар деген сияқты. Ішімдік тұрған тойға бармау дегенге келетін болсақ, біреудің дастарханына иелік ете алмайсың ғой. Талап қоя алмайсың. Саған ақшаңды төледі ме, ұнаса барып айт, ұнамаса айтпай-ақ қой. Сондықтан, “ішімдік бар жерде мен өлең айтпаймын” деген бос әңгіме», – дейді Бағлан Әбдірайымов.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау