Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бюджеттен қанша қаржы бөлінеді?

Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында қазақ елі 17 медаль жеңіп алды. ҚР заңына сәйкес спортшыларға мемлекет тарапынан сыйақы тағайындалады. Осыған сәйкес спортшыларымызға қазынадан 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.

237509511

Фото: inosmi.ru

Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.

“Қазақстан Олимпиада ойындарында алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміске 150 мың доллар, қола медаль алған спортшыға 75 мың доллар сыйақы тағайындады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚР заңына сәйкес Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне жергілікті әкімдік тарапынан пәтер беріледі. Тиісінше, чемпионға үш бөлмелі пәтер, күміс медальға екі бөлмелі, қола жүлде алған спортшыға бір бөлмелі пәтер беріледі”, – дейді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев.

Одан бөлек, 4-ші, 5-ші, 6-шы орын алған спортшыларға да сыйақы беріледі. Мысалы 4-ші орынға 30 мың, 5-ші орынға 10 мың, 6-шы орынға 5 мың доллар беріледі. Одан бөлек спортшының жеке бапкері мен ұлттық құрама бапкері тағы бар.
Қазақстан Рио Олимпиадасында 17 медаль жеңіп алды. Оның 3-еуі алтын,5-еуі күміс, 9-ы қола жүлде. Сондай-ақ 4-ші алған екі, 5-ші орынға ие болған алты спортшымыз бар.

38e0936f3f5fd5cd221be39e10ab09d0

Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджеттен спортшылар мен бапкерлерге 4 млн 590 мың доллар (1 млрд 551млн 420 мың теңге) жұмсайтын болады.

Ақшалай сыйақы қазіргі доллар курсымен беріледі. Сондай-ақ спортшы қай облыстың атынан қатысты сол аймақтың жергілікті басқарушы органы пәтер береді. Пәтерге тек Олимпиада ойындарының жеңімпаздары ғана емес, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері де қол жеткізе алады.

Айта кетейік, Қазақстан Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына сыйақы беру мөлшерінің көлемі жағынан әлемде үшінші орында тұр. Біздің елдің алдында тек Әзірбайжан (510 мың доллар) мен Тайланд (314 мың доллар) ғана бар.

Рио олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапынан мына спортшылар жүлдеге қол жеткізді: 77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ауыр атлетНиджат Рахимов (96 келі), 200 метрге брасс әдісімен жүзуде Дмитрий Баландин және 69 келі салмақта сынға түскен боксшы Данияр Елеусінов олимпиада ойындарының чемпионы (69 келі) атанды. Бұл спортшылардың барлығы олимпиада ойындарындағы тұңғыш жүлделерін иеленіп отыр. Данияр Елеусінов 64 келі салмақта Лондон олимпиадасына қатысып, жеңіліп қалған еді.

Ал 60 келі салмақта дзюдошы Елдос Сметов (60 келі), боксшы Василий Левит (91 келі) пен Әділбек Ниязымбетов (81 келі), еркін күрес шеберіГюзель Манюрова (75 келі) және ауыр атлет (69 келі) Жазира Жаппарқұл олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Күміс жүлдегерлердің арасында Әділбек Ниязымбетов пен Гюзель Манюрова екі олимпиада қатарынан тұрақты түрде жүлде алып отыр. Боксшы Әділбек Лондон олимпиадасында (2012) дәл осы салмақта күміс иеленсе, Гюзель Манюрова төрт жыл бұрын қола еншілеген. Ал Жазира Жаппарқұл бұған дейін тек 2010 жылы жасөспірімдер олимпиадасында ғана топ жарған.

Ел қоржынына қола жүлдені ауыр атлеттер Корина Горичева (63 келі),Фархад Харки (62 келі), Александр Зайчиков (105 келі) және еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова (69 келі), Екатерина Ларионова (63 келі) дзюдошы Отгонцецег Галбадрах (48 келі) және жеңіл атлет Ольга Рыпаковалар салды. Бұл спортшылардың арасында Ольга Рыпакова Қазақстан тарихында жеңіл атлетикадан екі олимпиадада қатарынан жүлде алған алғашқы спортшы атанды. Сондай-ақ, бұл қатарда 20 тамыз күні қола жүлде алған боксшы Иван Дычко (91 келі) мен әйелдер арасындағы бокс бәсекесінде оза шапқан Дариға Шәкімова да (75 келі) бар. Дариға Шәкімова қазақ қыздарының арасынан алғаш бокстан олимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Иван Дычко бұған дейін Лондон олимпиадасында да осы салмақта қола жеңіп алған еді.

Бұл Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан 6-шы жазғы олимпиада ойындары. Қазақстан 1996 жылғы Атланта олимпиадасынан бері тұрақты түрде жаһанның басты спорттық ойындарына қатысып келе жатыр.

Талқылау