Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Менингит жұқтырудан үрейленген алматылық түлектер ҰБТ-ға жаппай маска киіп келген

Ал алматылық түлектер тесттен емес, менингит жұқтырудан үрейленеді екен. Сондықтан, сынаққа жаппай маска киіп келген. Ал, білімдеріне нық сенімді.. Алматыдағы тестілеудің алғашқы күні тағы несімен есте қалды?! – деп хабарлайды КТК арнасы.

Менингит жұқтырудан үрейленген алматылық түлектер ҰБТ-ға жаппай маска киіп келді

11 жылдық білімді санаулы сағатта көрсететін күн туды. Уайым жеген жастарды жанарларына қарап-ақ байқауға болады. Бірақ, олардан гөрі бұл жолы өз-өзіне сенімді түлектер басымырақ.

“Ешқандай қорқыныш жоқ. Қобалжу да жоқ. Кіреміз, жазамыз, шығамыз”, – дейді талапкер Темірлан Ертарғын.

Жастар менингит жұқтырудан ғана қорқады екен. Сондықтан, бір-бірден маска киіп келген. Ал, 15 жылдық жүйеге олар үйреніп те қалғандай.

Алматыда Ұлттық бірыңғай тестілеу 8 жоғары оқу орнында болып жатыр. Сол пункттер де сынаққа сақадай сай екенін байқадық. Өйткені, мұнда қаптаған сақшы мен дәрігерден бөлек өрт сөндіру көлігіне дейін қойылған.

Ырымшыл түлектер ішке оң аяқпен кірді. Олар үшін кіреберіс жер нағыз қауіпті аймақ. Өйткені, мұнда ұялы телефон мен шпаргалка бар-жоғы тексеріледі. Десе де, бүгін мұнда Астанадағыдай «көмекші құралдар» аса көп тәркіленбеген. Бірен-саран ғана.

“Ұялы телефондар, шпаргалкалар яғни табылды. Бірақ, олардың бәрі алғашқы жылдарға қарағанда аз”, – дейді №706 пункт жетекшісі Жандос Құмғанбаев.

Көбі кіреберістегі тексерушілерден айласын асырғанымен, аудиторияда телефонмен ұсталған. Ал, түсініксіз сұрақтар кезікпепті.

“Өте қиын болды. Ешнәрсе қарауға мүмкіндік болмады. Бірақ, сұрақтар оңай болды”, – дейді түлектердің бірі.

“Оңай болған жоқ. Дайындалғанымыз көрінді бірақ”, – дейді екіншісі.

Талапкерлерді сырттағылар әдеттегідей ду қол шапалақ, құшақ-құшақ гүл шоқтарымен күтіп алды. Арасында аудиториядан жылап шыққан қыздар да болды. Олар тест нәтижесімен келіспесе, ертең күндізгі бірге дейін апелляциялық комиссияға шағымдана алады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау