Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақпал Жүнісова: Мерей маған тұрмысқа шығуға рұқсат берді

Қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісованы кәрі де, жас та ерекше бағалайды. Өйткені, аңқылдап жүретін әнші – үнемі шынайы. Ешқашан біреуге жағымпазданбайтын Мәкең көңіліне жақпаған дүниені тік айтамын деп «кей адамдарға» ұнамай да қалады. Алайда, Мәкеңнің жолын жапса да, ерке қызға деген халықтың құрметі мен махаббатын ешкімнің де өшіре алмасы анық.

Бұл туралы comode.kz жазады.

Талай тосқауылды тосырқамай қарсы алып, әр сынаққа сынбай жүрген қайсар әншімен сұхбаттасу көптің арманы. Тағдырдың әр таяғынан сабақ алуды өмірлік әдетіне айналдырған Мақпал Жүнісова бүгін бізге ашылып әңгіме айтып, сыр ашты.

«Әншілер жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақ сияқты көбейген. Бәрі сапалы деп айтпаймын. Ішінде «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген мақалдың төңірегінде жүргендер де жетерлік. Бір әні хит болса, өзін «жұлдыз» санайтындар көп. Ол ән сол тойдағы биге арналған әуенге жазылған, мағынасыз туынды. Ондай әндердің ғұмыры ұзақ болмайды. Небәрі жарты жылдан соң жоқ болады. Өйткені, 3-4 айдан кейін тойға арналған басқа әншінің әні шығады да, әлгі туынды ұмытылады», – дейді әнші.

Әнші тек өз замандастарын нағыз «жұлдыз» деп біледі екен.

«Нағыз «жұлдыздар» – менің замандастарым. Заман өзгеріп, талғам өзгерсе де олар сол ағымға ілесіп келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жанды дауыста ән айтудан қашпайды. Сахна мәдениет біледі. Халықтан өздерін ешқашан жоғары қоймайды. Олар барлық ауыл-ауылды көлікпен аралап концерт бергендер. Қазіргі әншілер ұшақтан түсіп, ұшаққа мініп «шаршадым» деп әңгіме айтады. Ал, біз поезд, автобус, кейде тіпті жүк көліктеріне мініп алып ауылдарды аралап концерт қоятынбыз. Ешқашан айтқан әнімізге ақша сұрамадық. Тегін концерт қойған кездеріміз қаншама?! Кейде гонорардың орнына бір қап күріш алып кеткен кездерім де болған», – дейді халық әртісі.

Қазақтың ерке қызының айтуынша, Мерей әнді жақсы айтады екен. Алайда әнші болуды қаламайтын көрінеді.

«Қызымның есту қабылеті өте жоғары. Кез-келген әнді айтып бере алады. Бірақ, бұл қабылеті сахнаға арналмаған. Әншінің қызымын деп әнші болу керек емес. Мерейдің тілге деген талабы жоғары. Ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Болашақта аудармашы болуды армандайды. Оның қабылетін шыңдау үшін, тәжірбие алмасу мақсатында Кореяға да барып келдік. Ол жақтың адамдарына дән риза болдым. Тазалықты сүйетін ел екен. Одан бөлек үнемі күліп жүреді. Сұлулыққа ерекше көңіл бөледі», – дейді әнші.

Сондай-ақ, әнші жас көрінуінің құпиясын сұрағандарға Кореяға барып, ота жастапағанын айтты.

«Кореядан келген соң бәрі «жасарып кетіпсіз. Қандай операция жасаттыңыз?» деп сұрайтын болды. Мен ешқандай операция жасаған жоқпын. Денеме пышақ былай тұрсын, ине тисе қорқатын адаммын. Ол жақтың сұлулық салондары мен опа-далаптары, косметология саласы, массаж кең дамыған. Мен бетіме түрлі массаждар қабылдадым. Содан өзгеріс байқалса керек. Мерейді де массажға, моншаға апардым. Қазақстанда Мерей массажға, косметологтарға бармайды. Себебі, ұялады. Оны көп адамдар таниды. Сосын ертең өтірік, өсек әңгіме өрбіп кетеді деп қорқады. Ал, Кореяда бізді ешкім танымайды. Қарапайым адамдар сияқты өзімізді еркін ұстап жүреміз», – дейді Мақпал Жүнісова.

Әншінің сөзінше, оның басты сырласы да, досы да, сыншысы да – қызы Мерей.

«Бұрын қызым екеуміз екі бөлмеде ұйықтасақ, қазір Мерей менің бөлмеме көшіп келді. «Өзіңнің бөлмеңе ұйықтай бер. Мен жалғыздыққа үйренгенмін» десем, «жоқ, қасыңда ұйықтағым келеді» дейді. Көп сырласамыз. Өмір туралы, өнер туралы, білім туралы басқа да тақырыптағы әңгімелерді айтамыз. Менің басты сырласым да, досым да, сыншым да – Мерей. «Мама, мына ән сіздің стиль емес. Бұл көйлек керемет жарасады» деп әрдайым өзінің ой-пікірін айтып отырады. Мен де оның әр сөзіне құлақ асамын, тыңдаймын», – дейді халық әртісі.

Сонымен қатар Мақпал Жүнісова қызына құда түсіп келетіндер қатар көп екенін айтып қалды.

«Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» демекші, «Мәке, сізбен құда болып, төс қағыстырсақ» деп хабарласушылар бар.  Бірақ, мен оған дайын емеспін. «Қой, қайдағы жоқты айтпаңдар. Менің қызым әлі бала ғой» деп талайын қуып жібердім. Қызыма әлі оқу керек, өсу керек. Оның үстіне жастар өздері сүйіп қосылса деймін. Шынайы махаббат қана кедергілер мен сынақтарға шыдайды. Бірде Мерей: «Мама, егер менің күйеуім саған ұнамай қалса не істеймін?»дейді. Сосын мен екі сағат бойы: «Мен сендермен бірге тұрмаймын. Маған сені сүйетін, сыйлайтын, құрметтейтін азамат әрдайым ұнайды. Менің жүрегім сенің бақытты болғаныңды қалайды. Басқа ұлттың жігітіне күйеуге шықпайсың. Қазақты тек қазақ түсінеді. Бірақ, қазір күйеуге шығу туралы ойланба. Әлі ерте. Оқуыңды оқы. Жұмысыңды істе. Уақыты келгенде үлгересің» деп түсіндірдім», – дейді әнші.

Мақпал Жүнісованың сөзінше, бұған дейін қызы оның тұрмыс құрғанына қарсы болғанымен, ендігі рұқсатын беріпті.

«Жалғызбасты еркек немесе әйел көрсе: «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деп айту қазақтың әдеті ғой. Зәкең дүниеден өткен соң, маған көп адамдар солай айтатын. Мерей енді мектеп табалдырығын аттаған кезде осы тақырыпта әңгіме қозғадым. «Мерей, егер мен бөтен кісіге тұрмысқа шықсам қалай қарайсың?» дегенім сол еді қызым: «бұл үйге әкемнен басқа еркек керек емес. Маған бөтен папа қажет емес» деп қатты жылады. Ол кезде енді тұрмысқа шығамын деп жүрген жігітте жоқ, жай ғана баланың ойын білейін деген едім. Мерейімнің сол сөздері төбемнен суық су құйғандай болды.

Анам да маған: «айналайын, жесірліктен өліпті деген әлі естімедім. Менің өзімде ерте жалғыз қалсам да, сендердің көздерің жәутеңдемесін деп тұрмысқа шықпадым. Баланың жүрегін ауыртпа. Жесірліктен әйел өлмейді, бала ішқұса болып өледі. Тыныш жүр» деді. Содан кейін мен бұл тақырыпты қозғаған емес.

Қызым бойжетіп қалған шағында, шатаспасам, өткен жылы «мама, көңіліңіз қалаған азамат болса қарсы емеспін. Қашанғы жалғыз жүресіз» деген сөзді айтты. Қызымның ниетіне алғысымды білдіріп, қазір кеш екенін айттым. Мен бүгінгі күні жалғыздыққа үйрендім. Өзім ер, өзім әйел болып жауапкершілікті арқалауға да бейімделдім. Енді маған бөтен еркектің қажеті жоқ. Оның үстіне Зәкеңнен басқаны сүйе алмаймын», – дейді әнші Мақпал Жүнісова.

Оқи отырыңыз:

Димаш Құдайберген екінші мәрте Қытайдың ең танымал әншісі атанды

Асхат Садырбай бұрынғы енесін туған күнімен құттықтап жұртты сүйсіндірді

Ерке Есмахан көйлектерін сатып, мұқтаж жандарға көмектеспекші

Қарақат Әбілдина: Қыдекең “бірінші атаман” десем, өтірік болады

Талқылау