Махаббат шабыттандырды: Қазақ жігіті сүйіктісінің суретін шегемен бейнелеген
Ынтымақ Мырзағұл – қарапайым ғана ауыл мұғалімі, сурет пәнінен сабақ береді. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын жас маман мектепке тәжірибеден өтуге келген студент қызға ғашық болып қалған. Махаббаттының күші жаңа талантына жол ашқан.
Нақтырақ айтсақ, Ынтымақ Әйгерімнің бейнесін шеге арқылы бейнелеген. Бұл туралы 7-арнаның “Өз ойым” бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Ауыл мұғалімі сүйіктісінің суретін салуға 1999 шеге жұмсаған.
“Бұл қыз мектепке тәжірибеге келген студент. Басында қарындасым деп танысқан қыз. Кейіннен басқа сезімге айналып кетті. Өзім де түсінген жоқпын, барлығы аяқ астынан келді. Өзім негізі бұрымды қыздарға қарайтын жігітпін. Бұл қыздың шашы ұзын. Ең бірінші сыйлығым – ағаштан жасалған шашбау. Жалпы барлығын өзім істеп беруім керек, ештеңе сатып алмауым керек деген қағиданы ұстандым”, – дейді Ынтымақ Мырзағұл.
Алайда Әйгерімге ғашық жігіт жалғыз Ынтымақ болмаған.
“Содан жұмысқа бір режиссер жігіт келді. Ол жігіт те осы қызды ұнатқан екен. Содан кейін қамшыны басу керек екенін түсіндім. Бірақ өкінішке қарай, ештеңе болмады. Уақыт біткеннен кейін, бұл қыз кетіп қалды. Екеумізді де таңдамады. Одан кейін іздедім, хабарластым. Телефонын алмады. Есімі – Әйгерім”, – дейді сурет авторы.
Ынтымақ сүйгенін соңғы рет өткен жылдың күзінде көрген. Одан кейін Әйгерімді іздеп табуға тырысқанымен, оның бұл әрекетінен ештеңе шықпаған.
“Туған күніне арнап жасадым. Бұл менің – шегемен жасаған бірінші жұмысым.
Негізі жай ғана қаламмен сурет салатынмын. Бұл өнер анам жағынан дарыған. Әкем жағынан ұсташылық дарыған. Шеге қаққанда, бұны сала алатынымды өзім сездім. Үлкен махаббатпен, үлкен сезіммен әр шегені қаққан кезде, сол қызды ойладым”, – дейді Ынтымақ Мырзағұл.
Хабар барысында Ынтымақтың сүйіктісі Әйгерім байланысқа шығып, қатты таңғалғанын жеткізді. Ол мұғалімнің өзіне деген сезімі жайлы білгенін, алайда осыншалықты дәрежеде деп ойламағанын айтты. Өз кезегінде Ынтымақ:
“Әйгерім, сен Астанадамын деген соң, келіп отырмын. Бірақ қанша уақыттан бері таба алмай келемін. Мен бұл сыйлықты саған өз қолыммен сыйлағым келеді. Және де сол бойы еліме алып кеткім келеді”, – деп сезімін білдірді.
Ал Әйгерім отбасылық жағдайлармен Қарағандыға кетіп қалғанын, алайда жақын күндері Астанаға қайта келетінін айтты. Сондай-ақ, Ынтымақпен кездесуге қарсы еместігін жеткізді.
Тағы оқыңыз:
Бұл не ырым: Бүркіт жаңа туған қызын 40 күнге дейін қолына алмайды
Ажырасқаны үшін: Алтынай Жорабаева қыз ұзату мен тұсау кесуден бас тартып жүр
Мейрамбек Бесбаев өзі жатқан бесікті Рахман Омардың ұлына сыйға тартты