Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лопес: Қанат Ислам Головкинмен жұдырықтасуға дайын

Өзінің 21-ші жеңісіне қол жеткізген Қанат Исламның промоутері спортшының Генадий Головкинмен жұдырықтасуға дайын екенін айтты.

новый коллаж

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның промоутері Нельсон Лопес колумбиялық Хуана де Анхеляға қарсы жекпе-жегінің алдында осылай мәлімдеген болатын. Мұнымен қатар, Лопес Исламның жақсы қасиеттерін жіпке тізіп, жанкүйерлерінің көп екенін айтты.

“Қазақ жерінде Қанаттың есімі кеңінен танымал. Оның мыңдаған жанкүйері бар. Атын Генадий Головкин, Василий Жиров, Бейбіт Шуменов және Сергей Липинец сынды кәсіпқой боксшылармен қатар қоюға болады. Олар біртуған ағайындылар секілді. Қазақстанда ең бірінші GGG туралы айтылады, кейінгі орында Қанат тұрады. Бізге бар болғаны түрткі керек. Және алдағы жексенбіде оны аламыз деген үміттеміз”, – дейді Нельсон Лопес.

Менеджердің сөзіне сенсек, Қанат Ислам алдағы уақытта екеуінің салмақ дәрежесі әртүрлі екеніне қарамастан Головкинмен жұдырықтасуға дайын.

Ал көптен күткен тартысты жекпе-жек АҚШ Флорида штатының Лейкленд қаласында өтті. Аталған кездесуді бүгін таңғы сағат 7:00-де ұлттық арнада тікелей эфирден көрсетті. Көк жәшіктің бер жағында отырған әрбір қазақстандық Қанат Исламға жанкүйер болып, тілеуін тіледі. Боксшымыз да еліміздің еңсесін биік көтеріп, АҚШ жерінде көк туымыздың желбіреуіне себепші болды.

Қанат Ислам мен қарсыласы Хуан де Анхельдің жекпе-жегі небәрі 6 раундқа созылды. Отандасымыз қарсыласын техникалық нокаутпен тізе бүктіріп, тартысты жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Нәтижесінің осылай боларын көп қазақстандық пен әріптестері айтқан-ды. Себебі, боксшы осы уақытқа дейін кәсіби алаңда 20 рет шайқасқа түсіп, оның барлығында жеңіске жеткен. Мұнымен қатар, 17-сінде қарсыласын нокаутка түсірген.

Қанат Ислам 1984 жылы дүниеге келген. Бокспен 1997 жылдан бері айналысып келеді. 2010 жылы Қытайдан елге қоныс аударып, 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 2006 жылы Азия ойындарында, 2007 жылы бокстан әлем чемпионатында, 2008 жылы Олимпиада ойындарында қола медаль еншіледі.


Оқи отырыңыз:

Қазақстандық боксшы Қанат Ислам қарсыласын 6 раундта тізе бүктірді

Қанат Исламды құрмет тұтатын отбасы оған ат мінгізді

Талқылау