Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда АҚШ долларын сатып алуға шектеу қойылды

Қазірдің өзінде шетел азаматтары күніне тек – 500, ал қытайлықтар 3000 доллар ғана сатып алады.

Dollar-Chine-Etats-Unis

Бұл туралы 24.kz сайты хабарлайды

Financial Times-тің дерегі бойынша, банктерге билік тарапынан АҚШ ақшасын сатпау жөнінде ауызша нұсқау берілген көрінеді. Ал ұлттық валюта мүлдем құлдырамай тұрғанда, жиған-тергенін долларға айырбастауға асыққан қарапайым тұрғындардың көңілі алаң.

Жаңа жыл Қытай ақшасының құнсыздануымен басталды. 8 қаңтарда 1 доллар 6,5 юаньға дейін өсіп кетті. Бұл – 2011 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Банктерде валюта айырбастауға шектеу қойылған соң, қазір қара нарықтағы саудагерлердің қолы жүріп тұр. Бейжіңдегі Ябоулы ауданында долларды қолма-қол айырбастап беретін бейтарап делдалдар көп.

Бейжіңде Қытай азаматтары күніне – 3000, ал шетелдіктердің тек 500 доллар сатып алуына болады. Ал Шанхай тұрғындары тәулігіне – 5, егер алдын ала тапсырыс берсе, 10 мың долларға дейін айырбастауына мүмкіндік бар.

Бір аптада тек үш рет тапсырыс қабылданады. Қытай экономистері жеке тұлғалар мен компаниялардың АҚШ долларын сатып алуына шектеу қойылуы уақытша шара деп есептейді. Олар «Бұл – биліктің юаньға деген қысымды азайтып, капиталдың шекара аспауы үшін жасаған амалы» деп отыр. Алайда 2016 жыл әлемнің екінші ірі экономикасы саналатын ел үшін сынақ кезеңі болғалы тұр.

Халықаралық валюта қорының болжамына қарағанда, Қытайда даму қарқынының бәсеңсуі биыл да жалғаса береді. 2016 жылы алып елдегі ЖІӨ 6,3%-ды межелеуі мүмкін.

Талқылау