Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз актері ақтөбелік таксистердің өзін қалай қорқытқанын айтып берді

«Екі езу» театрының ұжымына таяуда қосылған қырғыз актері Әбді Жоңышбай ақтөбелік таксистерден қалай қорыққаны туралы көрерменге айтып берді.

«Құтты болсын!» деген атпен Өнер орталығында өткен концертте әртіс қазақ халқының қонақжайлылығын да әңгімелеп берді, деп хабарлайды «Тілші».

«Таяуда Батыс-2 ауданына жетуім керек болды. Жолда такси ұстадым. Ішінде екі ірі жігіт отыр екен. Не де болса, жайғасып отырып алдым. Сәлден соң, әлгі екеуі қорқынышты болып көріне бастады. Ақшамды сыпырып алып, өзімді қоя берсе, не істеймін деп уайымдадым. Кенет «ағасы, асығыс болмасаң бір үйге кіріп шығайық» дегені сол еді, «күдігім расталды, біткен жерім осы болды» деп шынымен алаңдай бастадым», — дейді қырғыз әртіс.

Әлгі екі жігіт қараңғы жерде бір үйдің ауласына кіріп кетеді. Сол кезде көлікте жалғыз қалған Әбді Жоңышбай қашып кетпек те болады. Онымен әлгілердің бірі қайтып келіп, жолаушыға аулаға жүруін сұрайды. Қараса, қыз-келіншектер де жүр екен. Содан, қырғызды қазан басына апарып, қуырдақ салып берсе керек.

«Өзге ұлт екенімді білдіртпеуге тырыстым. Дегенмен, қоярда қоймай сұрап жатқан соң, қазақ емес екенімді мойындадым. Содан біреуі «қазанның басынан мұндай қонаққа қуырдақ берген ұят болды» деп үйге кіргізді де, «қырғыз қонақ келді» деп дастархан басына отырғызып қойды. Күдігім сейілді, қорқыныш сезімі басылды. Түнгі үштер шамасында манағы таксистер үйге тегін жеткізіп тастады. Ол аз болса, бір қалта ет салып берді», — деп еске алды қырғыз актер.

Әбді Жоңышбай Ақтөбеге бұрын да келіп жүргенін айтады.

«Екі мыңыншы жылдары келдім, одан кейін де жолым түсіп жүрді. Кезінде айдала болып жатқан жерлерде үлкен ықшам аудандар пайда болыпты. Басшыларың көреген кісі болса керек, тәжірибесі мол, іс білетін адам екені көрініп тұр. Ақтөбе Қобда бағытына қарай біраз дамыған», — дейді ол.

Айта кетейік, Әбді Жоңышбай таяу уақыттан бері ақтөбелік «Екі езу» театрында өнер көрсете бастады.

Тағы да оқыңыз:

Димаш Құдайберген әлемдік турнесін тоқтатып үйіне оралды (видео)

Әсел Сәдуақасова өзі туралы жаңа фильм түсіріп жатқанын айтты

Тұрсынғали Алагөзов пен Динара Сәтжан бірігіп бизнес ашпақ

Талқылау