Төртеу және одан көп: Көп балалы қазақстандық танымал отбасылар (фото)
Қазақ шоу бизнесінде жұлдыздар қаптап кетті деп жатыр. Бірақ, Роза Әлқожа, Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаева, Индира Расылхан, Динара Сұлтан сынды жұлдыздар бір төбе, қалғандары бір төбе. Себебі, бұлар – халыққа өнерімен ғана емес, өмірімен де танылған жұлдыздар. Олар жәй ғана жұлдыз емес, көпбалалы аналар.
Бұл туралы Астана арнасының “Ел аузында” бағдарламасында айтылды.
Роза Әлқожа үш ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, әншілердің арасында көш бастап тұр. Алайда оның Индира Расылхан секілді бар шаруасын тындыратын, арқасүйер адамы болмаған екен.
“Былтыр отбасымызбен Түркияға бардық. Сол кезде қатарынан ұшаққа мініп жатсақ, жұрт күліп жатыр. Бізге қарап “Барлығы өздеріңдікі ме?” деп сұрады. Шыны керек, кейде не істерімді білмей кетемін. Сахналық киімімді дайындайын десем, мына жақта бірнәрсе болып жатады. Балаларым өз беттерімен сабақ дайындай алмайды. Оның үстіне бұлардың бағдарламасы өте қиын. Кейде күйеуім екеуіміз олардың есептерін шығара алмай ұялып отырамыз. Айдын “Бұрын сен ұяң, сызылып қалған қыз едің. Қазір сен мүлдем өзгеріп кеттің” деп айтып отырады. Расымен де, балалар адамды өзгертеді. Оның үстіне ұл балалар тыңдамайды. Тыңдаса да, құлағынан шығып кетеді”, – дейді Роза Әлқожа.
Әнші “Танысқан шағымызда Айдын мінезіме емес, әніме ғашық болған” деп жастық шағын ыстық ықыласпен еске алды. “Студент кезімде “Біз әлі оқып жүрміз, ал Айдын деген жігіт 18 жасында журналист болыпты” деп қыздар айтып жүретін. Сол жігіт кім екен деп іштей ойлап та жүретінбіз. Бір күні әлгі жігіт менің әнімді ұнатып, жатақханаға іздеп келіпті. Артынша ән сұрап, айтқан әніме ғашық болды”, – дейді ол.
Индира Расылхан төрт баланың анасы. Ол өнер мен отбасылық өмірді қатар алып жүрудің қиын екенін айтады. Анасы оны көпшіл болуға баулыған екен.
“Раянаны дүниеге алып келерде терең ойға баттым. Қорқыңқырап, арты не болар екен деп ойладым. Кейін Аллаға тәуекел еттім. Расында да, әр баланың өзі несібесі бар. Бұл баламыз несібелі болды. Еркектердің баласы көп болса да, оны дүниеге алып келіп жатқан келіншектері. Маған Алла жеңілдік берді. Қазір анам қасымда. Анам болмаса, қалай болатынын да білмеймін.
Ең бастысы, ниет қой. Ниетім өнерге тартып тұратындықтан, жақындарым көмектесіп, қасымнан табылып жатады. Анам болмаса, енем келіп балалаларымды қарап береді. Кейде екеуі қосылып қарайды. Ұлымды босанар кезде шығармашылығым тоқырап қалды. Бояу мен әтірдің иісінен жүрегім айнып, құса бастадым. Ешбір түсірілімге бара алмай, барлығынан бас тартып отырдым”, – дейді Индира Расылхан.
Бұрын он баланы азсынатын халық қазір төрт бала туғанды көпбалалы дейді. Ал алты бала туғанға күміс алқа, жеті бала тапқанға алтын алқа беріп жатады. Асаба, актер Нұржан Төлендиев те алты баланың әкесі атанып, бұл тұрғыда шоу бизнес өкілдері арасында көш бастап тұр.
Актердің ізін басып келе жатқан Қайрат Баекенов жуырда бесінші баласының дүниеге келетінін айтып, мақтанған-ды.
Тұңғышын 9 жыл бойы күткен Мақсат Базарбаев қазір төрт баланың әкесі.
Аспанға қараймын деп ән шырқап, той гүліне айналған Абай Бегей де көпбалалы әке.
Ерлан Көкеев те үш қыздан кейін ұл бала сүйіп, қуанышы қойнына сыймай жүр.
Көкеевтей ұл күткен жұлдыздардың бірі – Тұрсынбек Қабатов. Үш қыздан кейін Нұриман атты атбайлардың әкесі атанды. Оның сүйіктісіне риза болғандығы соншалық, Мөлдірге жеке бизнес, өнер-білім орталығын ашып берді.
Көпшілік Қарақат Әбілдинаның қыз бала аңсап жүргенін айтады. Мұны әншінің өзі де жасырмайды. Ол түзде балаларды өнерге баулып қана қоймай, кіндік шеше болу, тұсау кесу “кәсібін” қатар алып жүр.
“Үйде ұлдарым, сыртта қыздарым баршылық. Баймын. Сол себепті, қызымның жоқтығы онша білінбейді. Мектептерімізде қыздарымыздың саны өте көп. Шетінен бәрі талантты әрі сүйкімді. “Апай” деп алдымнан жүгіріп шығып, қойныма еніп кеткен кезде, сондай ғажап күй кешетінім бар. Бүгін міне 15 шақты баланың тұсауын кестім. Ата-аналары үлкен ниетпен келіп тұрғандықтан, қолдарын қайтара алмадым”, – дейді Қарақат Әбілдина.
Қарақатты осы биікке көтерген продюсері әрі жары Болманов көпбалалы әке болғалы күллі қазақ үшін ғылымға бойлағанын айтып жатыр.
“Баланы дүниеге әкелуден қорқу – бақытынан қорқу. Үміті мен ертеңгі абыройынан қорқу. Мұндайдан қорқатын адамдарды түсінбеймін. Өзбекстанда, Әзірбайжанда, Тәжікстанда немесе Түрікменстанда өз тілінде сөйлейтін ойыншық жоқ. Ойыншықтарды ешкім методикаға арқау қылмаған. Яғни, әлемде өнер мен ғылымды байланыстырған кәсіп тек бізде бар. Ал ойыншықтар дегеніміз – балалардың үлкен әлемі”, – дейді ол.
Сәбит Әбдіқалықовтың Алтынай Жорабаевадан 4 қызы, Айгүлден бір ұлы бар.
Жіберіп алмаңыз:
Әкесіне таласқан Майғазиевтың қыздары желі қолданушыларын сүйсінтті (фото)
Арман: Маған қыз сыйлаған Ашаға міндетті түрде сыйлық болады
Асхат Садырбай Ерке Есмаханға жауап берді: Әркімнің өз ақиқаты бар
“Ninety one” әншісі: Сіздердің сөздеріңізге қарсы шыққымыз келмейді (видео)