Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның Қашаған мұнай компанияларына қатысты өтемақы талаптары 150 миллиард долларға өсті – Bloomberg

Қазақстан Қашағанды игеруші компаниялардан өндіріп алатын өтемақы көлемін 150 миллиард долларға дейін көбейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: gov.kz

2023 жылдың көктемінде еліміз Қашағанды игеруші North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) консорциумынан "тендер тәртібін бұзғаны үшін" және "келісімшарттағы міндеттемелерді толық орындамағаны үшін" халықаралық сот арқылы 15 миллиард доллар өтемақы өндіруге тырысқаны хабарланған еді. Қазақстан енді өтемақы көлемін 150 миллиард долларға дейін көбейтті. 

"Қосымша шағым жоғалған кіріске, яғни 138 миллиард доллар көлеміндегі ақшамен тікелей байланысты. Бұл – үкіметке уәде етілген, бірақ кенішті игерушілер қол жеткізе алмаған мұнай өндіру құны", – деп жазды Bloomberg.

Қазақстанның энергетика министрлігі 17 сәуірде Reuters басылымына сот шағымының мән-жайын ашық айта алмайтынын мәлімдеген. Қашаған операторлары да кеніш өнімдерін бөлісуге қатысты дау болғанын растап, артық ақпарат айтпаған.



Reuters басылымының хабарлауынша, бұл "бұрынғы кеңес одағы аумағында жұмыс істеп жатқан шетел компаниялары үшін тәуекелдер барын аңғартады" және "ірі компания мен қазақ үкіметі арасындағы көп соттардың бірі" деп бағалайды. 

Каспий қайраңында, Атыраудан 80 шақырым жерде орналасқан Қашаған кен орны North Caspian Operating Company компаниясына қарайды. Консорциум америкалық Shell, Exxon Mobil, қазақстандық "ҚазМұнайГаз", еуропалық Eni және Total компанияларынан құралған. Қашағанда мұнай өндіру 2016 жылы басталды. Ресми дерек бойынша, кен қоры – 4,8 миллиард тонна, жоба операторының мәліметінше, 6 миллиард тонна.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан билігі мен Қашаған операторлары арасында соттар 2020 жылдан бері жиілеген. Бірнеше жыл бұрын Қашаған акционерлері мемлекетті сотқа беріп, "салықты тексеру жұмыстарына" қарсы шыққан, бюджетке де қатысты талас болған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қашаған және Қарашығанақ кен орындары бойынша серіктестердің үстінен шағым түсіргені туралы жазған едік. 

Серіктестер Қашаған бойынша 13 миллиард және Қарашығанақ бойынша 33, 5 миллиард доллар шығынды шегермеуге тиіс болған. Егер іс мемлекет пайдасына шешілсе, ол өнімді бөлу туралы келісімдердің талаптарына сай, кен орындарынан түсетін кірістің көп үлесін алады.

Істе Қашағанның 2010 жылдан 2018 жылға дейінгі және Қарашығанақтағы 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі оқиғалары баяндалған. Билік тарапы бойынша компаниялар екі жобаның тендерлік рәсімдерін бұзған. Сондай-ақ Қашағандағы мердігерлердің жұмысын толық көлемде орындамаған.

Талқылау