Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда сүйіншілеп ашылған «Қазавиаспектр» зауыты қайта жабылады

Осыдан бес жыл бұрын, енді өзіміз ұшақ құрастыратын болдық  деп, Қарағандыда  сүйіншілеп ашылған «Қазавиаспектр» зауыты  ақыры қайта жабылатын болды. Осы зауытты ашуға халықтың миллиардттаған ақшасы кеткен еді. Ең  болмағанда, бір ұшақ құрастыра алмаған зауыт, о баста жылына тіпті, 36 әуе кемесін өндіруді жоспарлаған екен.

image

Сурет: el.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

2011 жылдың қараша айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен ашылған зауыт «Фермер» ұшағын бұдан былай шығармайтын болды. Өйткені, жасалған сызба-нұсқалардан өрескел қате жіберіліп, серіктестер арасындағы келісімшарт бұзылыпты. Кесірінен, даулы іске араласқан жергілікті билік жұмысы жанбай жатып, тоқтап қалған зауыттың орнына өзге кәсіпорын ашуды көздеп отыр.

“Ұшақтар шығарылмайтын болды. Басқа өндіріс ашуға барлығы дайын. Көліктік-логистикалық кешен ашылуы мүмкін. Ол әлі белгісіз. Инвесторлар тартамыз”, – дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов.

Соңғы жылдары тек қарыз қайтарумен әлек болған Қазақстандағы жалғыз ұшақ зауыты өз жұмысшыларына да берешек екен. Оны кәсіпорында тігінші болып еңбек еткен әйел де растап отыр. Тек атын атамауды өтінген. Сөзінше, өндіріс басшылығы қазан айынан бастап онға жуық қызметкерді ақысыз демалысқа жіберіпті. Ал маңдай терлерімен тапқан жалақыларын сот арқылы өндіруге кеңес берген.

Ұшақтарды шығару мерзімін бірнеше рет кейінге шегеріп, енді тіптен жабылып қалғанын қарағандылықтар сынаққа балайды.

125 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған зауыт «ҚазАгроҚаржы» ұлттық холдингінен 846 миллион теңгелік несиені жеңілдікпен алған еді. Құрылысы бір жыл жүргізілген өндірістің жұмысына 1 миллиард  450 миллион теңге бюджет қаражаты да жұмсалды. Бірақ қазір қарызға белшесінен батып отырған компания сол холдингтің иелігіне кепілдік ретінде қалып отыр.

Талқылау